Bugin
Фото: astanatv.kz
Қызылжарда тұрғын үй өртеніп, жиырма жастағы әйел мен екі бала көз жұмды. Балалардың кішісі 1 жарым жаста болған. Оларды әкесі құтқаруға тырысқанымен, аман алып қала алмады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы astana.kz арнасына сілтеме жасап.
Юрий Сухарев үйдің жанып жатқанын алғашқылардың бірі болып көрген. Ол дереу өрт сөндірушілерді шақырып, өзі көршілерін құтқаруға ұмтылыпты. Алайда, қызыл жалын өршігендіктен, ішке кіру мүмкін болмады дейді.
Бұл үйде 5 адам тұрып жатты: отағасының анасы, 5 жасар інісі, әйелі мен кішкентай қызы. Жігіттің анасы сол күні жұмыста болған. Ал өрт шыққан кезде оны әйелі оятып, әр қарай сәбиін құтқаруға жүгіріп кеткен. Ал отағасы терезені сындырып, жанұясын шығарып алмақшы болады. Алайда, улы газға тұншыққандықтан, әрекет етуге мұрша болмаған көрінеді. Салдарынан 20 жасар әйел мен қос сәби мерт болды.
Жергілікті билік өкілдері марқұм жандардың туған туысқандарына толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жалпы жыл басынан бері аймақта 450-ге жуық өрт тіркеліп, 23 адам қаза болды. Бұдан бөлек, 27 адам улы газдан зардап шекті.