Bugin
Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі
Атырау әуежайында 28 ителгі құсын шетелге әкетпек болған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операцияны 17 қыркүйекте өткізген. Қазақстанның Қызыл кітабына енген 28 ителгі құсын контрабандалық жолмен шетелге шығармақ болған шетелдіктер мен ҚР азаматтары Атырау қаласының әуежайында ұсталды.
Құстарды Таяу Шығыс елдерінің біріне жеткізуді жоспарлаған.
"Ұйымдастырушылардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында ителгіні күтіп-ұстауға арналған арнайы жабдықталған бөлме, оларды ұйықтатуға арналған медициналық препараттар табылды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 3-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Келтірілген залалдың сомасы 200 млн теңгеден астам.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды", - делінген ҰҚК баспасөз қызметінің ақпаратында.