Bugin
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері ойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Жалпы отырыс барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министр Мәлік Олжабековке сұрақ қойды.
"2016 жылы жерге қатысты халықтың митингтері болды. Халықтың ең негізгі мұңы - жер кадастрын ашу. Әрбір жердің артында қандай жемқор шенеунік, қай әкім, олармен ауыз жаласқан қай олигарх тұрғанын халық білуі керек. Бұл ақпарат ашылмады. Активтерді қайтару заң жобасы аясында мен бұл ұсынысты енгіздім. Әріптестерім қолдаса да, Үкімет оны қолдамады. "Жайылымдар туралы" заң жобасы кезінде де ұсындым, тағы Үкімет қолдамады. Жер кадастры ашылмай тұр. Бұл заңды ма?", - деді Базарбек.
Бұл сұраққа Мәлік Олжабеков арнайы жария кадастры іске қосылғанын айтты.
"Оның негізінде жер туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады. Қазіргі уақытта осы жер кадастрының негізінде жер құрылыстық, қала құрылысының деректері жарияланды. Олардың меншік иелеріне қатысты мәліметтерді базадан көшіріп жатырмыз. Техникалық жұмыстар аяқталды. Қазір қызметтік тестілеу жүріп жатыр. Ол біткен соң жер кадастры бойынша ақпарат жария кадастры картасында жарияланады. Оны қазан айына жоспарлап отырмыз", - деді вице-министр.
Бақытжан Базарбек бұл жауапқа "мен не деймін, домбырам не дейді?" деп қанағаттанбағанын білдірді.
"Мен сізден жария кадастры картасы жайлы сұрап тұрған жоқпын. Мен жердің иесі кім деп сұрап тұрмын. Орхуз конвенциясына қосылдық. Оның күші ұлттық заңнамадан басым болады. Өтірік әңгімелерді қашан тоқтатасыздар? Жер кадастрын ашуыңыз керек. Мұндай өтірік әңгімелерді Парламент төрінде айтушы болмаңыздар. Болмаса, кетіңіздер жұмыстан!", - деді ол.