Bugin

Орал қаласының тұрғыны үш күнде жол ережесін 23 рет бұзған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Polisia.kz

Орал қаласының тұрғыны үш күнде жол қозғалысы ережесін 23 рет бұзған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы  ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Sunsar Smart Qorgau жүйесінің көмегімен "Тойота Камри" автокөлігінің жол ережесін әлденеше рет бұзғаны анықталды.

Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аталған автокөлікті 26 қыркүйек күні тоқтатты.

"Автокөлік жүргізушісі Орал қаласының 1980 жылғы тұрғыны екендігі белгілі болды. Тексеру барысында осы көліктің 23-26 қыркүйек аралығында жол қозғалысы ережесі бойынша 23 құқық бұзушылық жасағаны анықталды. Айыппұлдың жалпы сомасы 569 мың теңгеге жеткен. Жүргізуші оңайлатылған тәртіппен айыппұлдың 50 пайызын өтей алады. Қазіргі уақытта автокөлік арнайы тұраққа қойылды",- деп хабарлады ведомстводан.

Департаменттен мәлім еткеніндей, 18-22 қыркүйек аралығында өткізілген «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде құқық бұзушылардан 2087 айыппұл (31 млн 770 мың теңге) өндірілді. Sunsar Smart Qorgau жүйесін қолдана отырып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785, 797-баптарына сәйкес жол қозғалысы қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қаскүнем құқық бұзушылардың 25 автокөлігі мамандандырылған тұраққа қойылды.