Bugin
Нұрлан қажы Асанов. Фото: Ләйлә Сұлтанқызының Youtube арнасы
Имам Нұрлан Байжігітұлы айтыскер ақын, мәжіліс депутаты Ринат Зайытов туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
"Алаяқтардың 80 пайызы намазхандар" - деген Ринат Зайытовтың ел арасында басы дауға қалған еді. Осыған байланысты оқырмандар имам Нұрлан Байжігітұлының тікелей эфирінде ойын сұрап, сауал жолдады.
"Ринат туралы қайта-қайта сұрап жатыр. Кейінгі қосылғандарда жақсылап естіп алыңыздар. Осымен әңгіме жабылсын. Ринатты мен нағыз құдайын танитын азамат деп білемін. Құдайға сенетін, құдайы бар азамат. Сол сұқбатты асықпай толық тыңдап шығыңыздар. Бір қазақтың баласына ондай айып тағу үшін ардақтылар оның не айтқысы келген ойын түсіну керек. Кең ойлаған адам кем болмайды. Дінді қорғаймыз дегендерге айтқым келіп отыр. Дінді айқай-шумен қорғамайды. Бір-біріне сөз атумен қорғамайды. Алла тағала өз дінін өзі қорғап алады. Сенсіз де қорғаған ол дінді. Құранды, дінді мен түсіргенмін Алла өзім қорғап аламын дейді. Болды. Сен өз отбасыңды қорға, өз қара басыңды қорға. Ринаттың бұл жерде 80 пайыз дегені сәл артықтау шығар. Бірақ шын мәнінде, біздің домбырамызға, салтымызға, санамызға қарсы шыққан салафилікті айтып келіп, сол арқылы келді. Соны түсініңіздер. Біз бір қазақтың баласын аяққа жығып, абырой таппаймыз. Ол пенде, ол қателесті, өз жағдайын айтып түсіндірді", - дейді Нұрлан имам.
Сондай-ақ, Нұрлан Байжігітұлы алаяқтық мәселесі шын мәнінде бар екенін жеткізді.
"Бізде ол мәселе бар. Жасырын емес. Ол сөзді басқаша түсініп алыңыз. Қылмыскер түрмеге түсіп, сосын намаз оқып кетеді деп түсініңіз. Ринаттың айтқан сөзін басқаша түсініңіз. Бізде ол мәселе бар", - дейді.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын "алаяқтардың 80 пайызы - намазхандар" деп пікір білдірген Зайытовқа бірқатар белгілі тұлғалар жауап қатқан еді.