Bugin
Фото: depositphotos.com/ru
Көлік министрі Марат Қарабаев елімізде ақылы жолдар жүйесіне қатысты өзгерістерді жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол Қорғастан Алматыға, содан кейін Қызылордаға дейінгі жол учаскелері әрқашан ақылы болғанын атап өтті. Сондай-ақ Астанадан Щучинск, Қарағанды және Павлодарға дейінгі жолды мысалға келтірді.
"Бұл учаскелер бұрыннан ақылы болатын. Не өзгереді? Жол ақысын 20%-ға көтеріп жатырмыз. 10 жылдан астам жол ақысы, яғни тариф өзгерген жоқ. Біз жиі жолда жүретіндерге айлық абонемент ұсынамыз. Жол сұранысқа ие, демек баға жолаушылар үшін арзанға түседі деген сөз. Бұл қазір қолданыстағы 2300 шақырым ақылы жолға қатысты әңгіме", - деді Марат Қарабаев.
Министр бұдан бөлек, екінші санаттағы, яғни 4 жолақты емес, 2 жолақты жолдарды ақылы ету жоспарланып отырғанын жеткізді. Бірақ жүктемені азайту мақсатында жол тек жүк көліктері үшін ақылы болады.
"Оларға да абонемент әзірлеп жатырмыз. Мақсатымыз – жолды жақсы сапада ұстау, ол қомақты қаржыны талап етеді", - дейді ол.