Bugin
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
Шығыс Қазақстан облысында шаруа қожалығына найзағай түсіп, 100 орам пішен жанып кетті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ұлан ауданы Сағыр ауылынан 17 шақырым жердегі шаруа қожалығында өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті.
"Белгілі болғандай, шаруа қожалығының аумағына найзағай түсіп, 100 орам пішен жанып кетті. ТЖД қызметкерлері мен шаруа қожалығының жұмысшылары лезде тілсіз жаумен күреске кірісті. Көп ұзамай от толықтай ауыздықталған. Зардап шеккен ешкім жоқ. Осылайша, 600 орам, яғни 180 тонна пішеннің жанып кетуіне жол берілмеді", - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ ведомство өкілдері шаруа қожалығы иелеріне жем-шөпті сақтаған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбау қажеттігін ескертеді. Шөп сақталған орын электр желілеріне дейін кемінде 15 метр, жолдарға дейін кемінде 20 метр, ғимараттар мен құрылыстарға дейін кемінде 50 метр қашықтықта болуы тиіс.