Bugin
Фото: depositphotos.com/ru
Ақмола облысында ата-анасы қан құюға қарсы болып, ақыры сәби қайтыс болған еді. Аталған оқиғаға қатысты Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында түсінік берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
"Аталған іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне (ЕҚДБ) тіркелді. Қазіргі уақытта баланың қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша дәрігерлердің де, ата-аналардың да әрекеттеріне баға беріледі", - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кешенді шара жүргізу қажет.
"Бастапқы ақпарат бойынша, ата-аналар белгілі бір діни ағымда болған, сондықтан олар баласына қан құюға шынымен қарсы болды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның нәтижесінде бала өлімінің себебі, яғни ата-анасының бас тартуы немесе дәрігерлердің әрекеті анықталады. Сондықтан процедуралық әрекеттер одан әрі жүргізілетін сот-медициналық сараптаманың нәтижелерін күтейік", -дейді ол.