Bugin
Фото: pexels.com
Атырауда өз елінде алимент төлеуден жалтарып, халықаралық іздеуде болған шетелдік ұсталды. Ол қоғамдық орында мас болып жүрген, хабарлайды Bugin.kz порталы.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2 қазаннан бері "Заңсыз келуші – 2023" іс-шарасы өтіп жатыр.
"Аталған іс-шараның алғашқы күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 200-ге жуық шетел азаматы анықталды. Оның ішінде 151 шетелдік Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 517-бабының 3,4,5,6 және 7-бөлімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Аталған құжаттың 518-бабымен 46 шетелдік жазаланды. Құқық бұзған 6 шетелдік азаматтық іс жүргізу және әкімшілік тәртібімен ел аумағынан шығарылды. Ал, жеке басын анықтайтын құжаттардың болмауына байланысты Өзбекстан Республикасының 16 азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, шетелдіктің бірі – 1984 жылғы азаматтың өз елінде алимент төлеуден жалтарған. Ол 2 қазанда түнгі мезгілде қоғамдық орында мас күйінде жүрген.
"Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжатын тексерді. Сол кезде оның Өзбекстан Республикасында алимент төлеуден жалтарғаны үшін халықаралық іздеу жарияланғаны анықталды", – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.