Bugin

Сирия: Әскери академияға шабуыл жасалып, жүздеген адам қаза тапты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: REUTERS

Хомс қаласындағы әскери академияға ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен шабуыл жасалып, 100 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Ішіне жарылғыш зат салынған дрондар академияның бітіру салтанатты шарасына шабуылдаған. Оған курсанттардың отбасылары қатысып жатқан болатын, қаза тапқандар арасында әйел мен балалар бар.

Сирия әскері оқиғаға "танымал халықаралық күштер қолдайтын лаңкестік топтарды" айыптады.

Болжам бойынша, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар шабуылы Хомс қаласынан солтүстік-батысқа қарай оппозиция бақылайтын аудандардан жасалған.

Сирияның Sana мемлекеттік ақпарат агенттігі Қарулы күштердің бас қолбасшылығының мәлімдемесін таратты. Онда ішінде жарылғыш зат бар бірнеше дрон күндіз өткен бітіру салтанатынан кейін бірден Хомс әскери академиясын шабуылдағаны айтылған.

Агенттік кейінгі есебінде денсаулық сақтау министрі Хасан әл-Габбаштың мәлімдемесін жариялады. Ол шабуылдан 200-ден астам адам зардап шеккенін, құрбандар қатарында әйелдер мен балалар бар екенін айтқан.

Оқиға орнын безендіруге көмектескен ер адам салтанатты шарадан кейін қатысушылар алаңға түскенін, сол жерде жарылыс болғанын айтып берді.

"Біз оның қайдан шыққанын білмейміз, барлық жерде мәйіттер жатты", - деді ол.

Шабуыл салдары таспаланған видеода ондаған жаралы адам мен олардың туыстары қабырғамен қоршалған үлкен алаңда көмек сұрап, айқайлап жатыр. Артта атыс дауысы естіледі.

Сирияның адам құқықтарының сақталуы бойынша мониторинг орталығы (SOHR) Сирияның қорғаныс министрі салтанатты шараға қатысқанын, бірақ шабуылдан бірнеше минут бұрын кетіп қалғанын хабарлады.