Bugin
Фото: pexels.com
Фото: Bugin.kz
Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы бизнесмендердің бірі, саясаткер Болат Әбілов Алматыда жастармен кездесу өткізді. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
Кездесуде 7 жылдық шахтадағы жұмысынан бастап, осы күнге дейінгі еңбек жолы туралы айтты. Ол Қазақстандағы бизнес және саяси-экономикалық мәселелерге тоқталды.
Болат Әбіловтың жиындағы ой-пікірін назарларыңызға ұсынамыз:
Мен коммунистік режимді қабылдамаймын. Біздің балалық шағымыз жақсы өтті. Бірақ бізді алдады. 1930-31 жылдары ашаршылық болғанда жарты қазақ халқы қырылды. Мысалы сол кезде Египетте 3-4 млн адам тұрған. Бізде де халық саны сондай болған. Қазір Египетте халық саны 100 млн-нан асады. Ал бізде ше? 19 млн ғана қазақпыз. 20-30 жылдан кейін мұнай-газ бітеді. Алайда ел қалады. Бізге көбею керек. Білімді азаматтар керек. Адами капитал маңызды. Жер бетінде 200-ден аса мемлекет бар. Бірақ соның 40-50-де ғана мұнай-газ бар. Мысалы Корея, Жапонияда ештеңе жоқ. Бірақ олар - бай мемлекеттер. Ақыл, білім және заң дұрыс болса, бізде де бәрі болады.
* * *
Назарбаев кетсе, өзгеріс болады деп ойладық. Әлі өзгерістер жоқ. “Ескі Қазақстан”, “Жаңа Қазақстан”... Неге?! Өйткені саяси иллюстрация болған жоқ. Мысалы Балтық елдері, Шығыс Еуропа демократияны таңдады. Олар компартияда, ҰҚК-да жұмыс істегендердің, шенеуніктердің бәрін шығарып, билікке бұрынғы жағдайлармен еш байланысы жоқ жастарды әкелді. Грузия да солай істеді.
* * *
Бұрын компанияны көп жарнамалайтын едім. Мұны өзім үшін немесе тауар үшін істемедім. Мен қарапайым баланың жасаған ісін, не нәрсеге қол жеткізе алғанын көрсеткім келді. Бәрі ойлағандай мен Сара Алпысқызының жиені емеспін. Біз жай ғана жерлеспіз. Оны өзім кейін білдім.
* * *
Қазақстанда бизнес бар екенін көрсету үшін аукционға шыққан Тұңғыш Президенттің қаламын сатып алдым. Ертесіне компания алдынан ондаған телеарна тілшілері күтіп алды. БАҚ шулады. Осылайша, кәсібімді көпшілікке таныттым.
* * *
Ресейдің әйгілі “Поле Чудес” бағдарламасының бір күнгі шығарылымына компаниямыз демеуші болды. Бағдарламаның танымал жүргізушісі Леонид Якубовичке қазақтың шапанын, ал студиядағы көрерменнің бәріне тақия кигіздік. Осылайша, Қазақстанда бизнес бар екенін тағы бір дәлелдедік.
* * *
1991 жылы Ыстамбұлға бардым. Ондағы қозғалысты көріп таңқалдым. Бізге де экономикалық өзгеріс керек деп ойладым. Жолдастарыммен бірігіп, Қазақстанға шетелден көлік жеткізу кәсібін бастадық. Мұндағы басты мақсат кәсіпкерлердің алғашқы легі ретінде Қазақстанға өмірдің жаңа деңгейін көрсету болды.
* * *
Бізге біреуді кінәлай салу оңай. Кім кінәлі? Назарбаев кінәлі, мемлекет кінәлі, ата-анамыз кінәлі дейміз. Олай емес. Барлық мәселе өзімізде жатыр. Кейбір адамдардан “неге істемедің?” деп сұрасаң, “уақыт болмады, анау-мынау” деген сылтау айтады. Бұл дұрыс емес. Бәрі өзіңе байланысты. Біз көбінесе сырттан сылтау іздеп, өзгелерді кінәлаймыз.
* * *
Ешкімнен қорықпау керек. Бізде тек өзімізді ғана емес, айналаны да, мемлекетті де өзгертуге мүмкіндігіміз бар. Жетістіккке жетіп, өзгергің келсе, өзгерткің келсе, тек алға жүр. Ешқашан тоқтама!
* * *
Шара соңында жастар Болат Әбіловке көкейдегі сұрақтарын қойып, ой бөлісті.