Bugin
Фото: pexels.com
Желіде Арқалықтағы түзеу мекемесінен алты сотталушы қашып кеткені туралы ақпарат тарап жатыр. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Суретте қылмыскерлердің түрмеден қашып кеткені туралы жазуы бар фотолары көрсетілген.
"Олар қауіпті және қарулы. Ешқандай шара қолданбаңыздар, дереу 102 нөміріне хабарласыңыздар", - делінген хабарламада.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Арқалықтағы түзеу мекемесінен қашып кеткен сотталғандар туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Бұл ақпаратқа Қостанай облысының полиция департаменті де түсінік берді.
"Бұл факті бойынша ҚР ҚК 274-бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны қарастырады. Қазіргі уақытта "жалған" ақпарат авторының жеке басын анықтау шаралары жүргізілуде, - деп хабарлады ведомство.