Bugin
Фото: pexels.com
Атырау облысындағы тас жолда қараусыз жүрген малдың кесірінен 9 айда 94 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ЖКО-ның көбі қала сыртындағы тас жолдарда болады. Мәселен, 14 қазанда сағат 06:45 шамасында республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Астрахань тас жолының 352-шақырым тұсында Toyota Ipsum автокөлігі 15 қойды қағып кеткен. Тексеру жұмыстары кезінде малдың 1969 жылы туған иесі тас жолдың мал айдауға арналмаған жерінен қиып өтпек болған. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жауапқа тартылды.
"Toyota Ipsum автокөлігінің жүгізушісіне Миялы ауылынан шығар кезде Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелін қатаң сақтау керектігін ескерткен. Алайда көлік жүргізушісі жасалған ескертулерге қарамастан жол апатының болуына себепші болғаны анықталды. Осы ретте, барлық жол қозғалысына қатысушылар назарына жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз", – дейді Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасының командирі Адилбек Шахметов.
Айта кетсек, жыл басынан бері иесіз мал жайылымының алдын алу мақсатында ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 583 адам жауапқа тартылды.