Bugin

Құрманғазы атындағы XII Республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсының жеңімпазы анықталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі ұйымдастырған дүбірлі дода өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бас жүлде қоры 1 500 000 теңгені құрайтын додада Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Азамат Шнаров "Домбыра" номинациясы бойынша гран-при иегері атанса, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан "Прима қобыз" номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.  Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықтылар сайысына 150-ге жуық өтінім келіп түсті. Оның 102-сі байқауда өнер көрсетуге жолдама алды. Жүзден жүйрік, мыңнан оза шыққан 49 қатысушы арнайы жүлделермен және ақшалай сыйақымен марапатталды. 

Кез келген кәсіби музыкант үшін дәрежесі биік конкурстың Құрманғазы оркестрінің ұйымдастыруымен өтуі де айрықша сәт. Биыл Ұлттық оркестрдің мерейлі 90-шы маусымының ашылуы және 90 жылдығы республика көлемінде атап өтіледі. Өнер жолында жүрген әр музыка маманы Құрманғазы конкурсының жеңімпазы болуды мақсат тұтады. Бүгінде Ұлттық оркестрді тізгіндеген бас дирижер Абылай Тілепберген, оркестрдің көркемдік жетекшісі Батыржан Мықтыбаевтар байқаулардың төресі – Құрманғазы конкурсының жеңімпаздары.

Құрманғазы атындағы халық аспаптарында орындаушылар конкурсының тамыры тереңде жатыр. Қаншама өнер иелерінің бағын жаққан бәсі жоғары бұл байқаудың шымылдығын  Қазақстанның халық артистері Қали Жантілеуов, Шамғон Қажығалиев, Құбыш Мұхитов, Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шәмелов, Раушан Мұсаходжаева, Айгүл Үлкенбаева және өзге де өнер шеберлері ашқан болатын.   

Фото: bugin.kz

Фото: bugin.kz

Раушан Мұсаходжаева тұңғыш рет өткен Құрманғазы конкурсының 1 орын иегері болса, Айгүл Үлкенбаева 3 орын иегері екенін еске саламыз. Даралар мен дарабоз өнер саңлақтары көшін бастаған конкурсты шын таланттар жалғайды деген сенімдеміз.