Bugin
Фото: pexels.com
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев елімізде ұнның неге қымбаттап жатқанын түсіндіре алмады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол журналистерге бұл салаға жетекшілік етпейтінін, нанның бағасын нарық реттейтінін айтты.
"Сіз ішкі саудаға қатысты сұрақ қойып тұрсыз. Қазақстанда - нарықтық экономика. Ұнның барлық экспорттаушы-өндірушілері өнімді экспорттау немесе елдің ішінде сату туралы шешімді өздері қабылдайды. Сұрағыңызға жазбаша түрде жауап берейік", - деді Қайрат Төребаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Вице-министр еліміздегі нанның бағасы Өзбекстанмен салыстырғанда неге қымбат екенін түсіндіре алмады
"Мұнда электр энергиясын, салық және өзге де шығындарды есептеу керек. Өзбек наубайханалары мен қазақстандық наубайханаларының шығындарын қарау керек.
Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстандағы нанның сапасын салыстыру керек. Сондықтан бұл - мәселе өте күрделі. Сіз бізге нақты статистиканы көрсетіңіз. Қандай нан қай жерде неше теңгеге сатылып жатқанын айтыңыз. Біз деректерді салыстырайық", - деді ол.
Айта кетейік, биыл қыркүйекте Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков елімізде ұнның қымбаттап жатқанын растаған болатын.
"2-3 аптадан бері жаңбыр жауып жатыр, бидай кеппей жатыр. Ылғалдылық болғандықтан, ұнның баға өсе бастады... Бүгінде 13 өңірде ұнның 50 пайызға дейін қымбаттағаны рас", - деген еді төраға елордада өткен брифингте.