ТӘРБИЕ
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан
Қазақта “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер” деген даналық сөз бар. Балаға жастайынан жеті атасын жаттатқызып, түп тарихы туралы өнегелі әңгімелер айтып отырады. Ал қыздан туған ұрпақтардың қалай аталатынын бірі білсе, біріміз білмей жатамыз. Осы орайда Bugin.kz порталы назарларыңызға қыздан тараған 7 ұрпақтың атауы туралы материалды ұсынады.
Жиен - қыздан туған бала. Халық: "Адамның жақсы қасиеттері нағашыдан жұғады", - дейді. Халықтың салт-дәстүрі бойынша жиенді ренжітуге, қол жұмсауға болмайды. "Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды" деген мақал содан шыққан. "Нағашымен күрескен жиен жығылады" деген сөз жиеннің қанша ерке, батыл болғанымен, нағашысы алдында ізетті болуын ескертеді.
Жиеншар - жиеннен туған бала. Ол да әкесі сияқты жиендік ғұрыпты жалғастырады.
Қыздан туған жеті ұрпақты жиен, жиеншар, дегеншар, көгеншар, көбеңшар, төбеншар, өлеңшар деп атайды.
Халық арасында тараған тағы бір нұсқаны да бөлісе кетуді жөн көрдік.
Жиен, жиеннің баласы - жиеншар,
Оның баласы көгеншар,
Оның баласы дегеншар,
Оның баласы жүрежат,
Оның баласы туажат деп аталады.
Бұл атауларды Әбіқай бидің баласы Ахметқан шешен айтып кеткен. Кейбіреулер жүрежат пен туажатты шөпшектен кейін тіркейді. Бұл әлі анықтай түсуді қажет етеді.
Қазақ халқы қыздан туған жиенді құрметтеп, ерекше сыйлаған. Жиен нағашыларынан нені қаласа да, 3 рет алуға қақы бар. Ал нағашылары қандай қымбат зат болса да беруге тиіс. Бұл салт - жиенқұрық деп аталған.