Bugin
Фото: pexels.com
2022 жылы Бахрейн Корольдігіне жұмыс істеуге аттанған Диляра Мұхамеджановадан 8 айдан бері ешқандай хабар болмаған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, 32 жастағы қызы Бахрейн Корольдігінде массаж бизнесімен айналысқан. Келіншек соңғы рет жақындарына 11 ақпан күні хабарласқан. Жоғалған қыздың анасы қызының Бахрейнде жалғыз емес, сол елдің азаматымен тұрғанын айтты.
“Күнде әлеуметтік желімен хабарласып тұратынбыз. 19 ақпаннан бастап іздеудемін, не жазбайды, не жауап бермейді. Бірнеше нөмірі бар еді, барлығы да өшірулі. Қызыммен жиі ұрсысып қалатын болдық. Бірақ тез татуласатын едік. Био-энергетикалық массаж жасаумен айналысады. Арнайы аппараты болатын", – дейді анасы Ардақ Қожамберлина.
Анасының айтуынша, Диляра бұрын тұрмыста болған және баласы бар. Бахрейнге жұмыс бабымен 3 жылдан бері барып келіп жүрген.
"Қызым 8 жыл бұрын ажырасты, бір баласы бар. Бахрейнде Сұлтан деген жігіті бар. Ол туралы ештеңе білмеймін. Бірақ содан күмәнданамын. Жалпы қызымның сол жақта қонақүйге тұратынын білемін", – дейді анасы.
Сондай-ақ, екі жыл бұрын Диляра науқастанып, анасы жындыханаға апарған екен.
"Екі жыл бұрын енесі хабарласып, "үш күн болды, қызыңыз біздің үйде, ауырып, кіріп-шығып жүр" деп айтты. Содан кейін барсам, психологиялық тұрғыда ауытқып жүр екен. Медбике құрбыммен ақылдасып, жындыханаға апардым. "Егер жатқызбасаңыз, асқынып кетеді" деді. Сосын бір айдан соң жазылды да, Бахрейнге жұмысқа кетті", – деді анасы.
"Көреміз" бағдарламасының іздеу нәтижесі бойынша Диляра Мұхаммеджанова Бахрейн Республикасында 2023 жылдың 16 ақпанда өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Марқұмның денесі 9 ай бойы мәйітхананың тоңазытқышында жатқан болып шықты.
Ақпаратты ҚР сыртқы істер министрлігі растады. Марқұмның денесі елге жеткізілді.