Bugin
Фото: pexels.com
Шымкентте сот өзін қорғамақ болып, күйеуін өлтірген әйелді ақтап алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу анықтағандай, 31 жастағы ер адам әйелмен азаматтық некеде тұрып, оны бірнеше рет ұрып-соққан. Әйел серіктесінен құтылуға тырысып, бірнеше рет басқа қалаға қоныс аударған. Келіншек полицияға үш рет арызданған. Алайда құқық қорғау органдары тарапынан айтарлықтай әрекет болған жоқ.
Ер адам оны тауып алып, кешірім сұрап, Шымкентке қайтарған. Біраз уақыттан кейін қайтадан ұрып-соға бастаған. Сонымен қатар ер адам еш жерде жұмыс істемеген.
24 сәуір күні ер адам тағы да әйел тұратын пәтерге барады. Ол мас күйінде одан ақша, темекі мен арақ-шарап талап ете бастаған. Бас тартқан әйелге азаматтық некедегі күйеуі шабуыл жасап, мұрнын сындырған, содан кейін басын қабырғаға соғады. Әйел пәтерден қашпақ болған, бірақ ер адам оны жібермеген. Төбелес кезінде әйел асхана пышағын алып, өзін қорғау мақсатында күйеуінің кеуде тұсынан ұрған. Пышақ жүрекке тиіп, ол сол жерде көз жұмған.
Тергеу барысында полицияға бұрын түскен арыз-шағымдардың барлығы анықталып, олар бойынша ешқандай шара қолданбағаны белгілі болды. Сондай-ақ айыпталушының денесінен көптеген жарақат табылды.
Оқиғаның барлық жай-жапсарын зерделей келе, қасақана кісі өлтірді деген айыпты алып тастап, сотталушыны қажетті қорғаныс шегінен шықты деген қорытындыға келді. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 102-бабына сәйкес, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, нәтижесінде әйел сот залынан тікелей босатылды.
Өз кезегінде марқұмның туыстары 15 млн теңге моральдық және 800 мың теңге материалдық шығын талап еткен. Істің барлық мән-жайын қарап, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Демек әйел адамға 1 миллион теңге төлеуі керек.