Bugin
Фото: pexels.com
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері атын жамылып, алаяқтық жасаған қазақстандық Швециядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, 2019 жылдың тамыз айында бір топ адам алматылық кәсіпкерге өздерін ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкеріміз деп таныстырған. Кәсіпкерлікке тексеру жүргіземіз және қылмыстық қудалауды сылтауратып, одан 30 мың доллар жымқырмақ болған.
Күдіктілердің біреуі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып үлгерген, сондықтан оны халықаралық іздеуге салған.
"Қазақстан тарапының өтініші бойынша күдіктіні Швеция Корольдігінің құқық қорғау органдары Стокгольм қаласында ұстады. ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен күдікті Қазақстанға жеткізілді.
Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.