Bugin

Петропавлда үш жасөспірім ауруханадағы сырқат қызды ұрып кеткен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 Фотограф: RDNE Stock project: https://www.pexels.com

Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасына үш жасөспірім баса-көктеп кіріп, дәрігер мен сырқат қызды ұрды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.

СҚО көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Аймановтың айтуынша, оқыс оқиға кеше, шамамен сағат 11:30 минутта болған. Аурухананың негізгі есігінен 17-18 жастағы үш бозбала кірген. Олар медициналық қызметкерлердің ескертуіне қарамастан, ішке өтпек болған. Есік алдында отырған күзетшіге қоқан-лоққы жасаған. Осылайша екінші қабатқа көтерілген.

"Айтуларынша, жасөспірімдер аяғы сынып, ем алып жатқан 15 жастағы дос қыздарына келген. Оны палатадан коридорға алып шығып, кушеткаға отырғызып, басынан ұра бастаған. Дәрігерлер, медициналық қызметкерлер бозбалаларға ескерту жасады. Сол кезде 17 жастағы А. деген жасөспірім қасында отырған қыздың балдағын алып, оның үшкір басымен невропатологтың ішінен ұрған. Осыдан кейін қалтасынан тапанша алып шығып, қорқытып, боқтық сөздер айтып, бірінші қабатқа түскен. Қашып бара жатып, есікке соғылып, оның әйнегін сындырды. Сынған әйнек қолын кесіп, бүкіл айнала қан болды. Мұны көрген басқа балалар қатты қорқып, олардың моральдық жағдайына әсер етті. Ол екінші есікті де сындырып, пистолетпен қорқыта отырып қашып кетті, - дейді Нұрлан Айманов.

Аурухана басшысының айтуынша, оқиға орнына шақыртумен полиция келіп, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.