Bugin
Фото: pexels.com
Ақтаулық спортшы Валерия Шальнованы өлтіріп, зорлау фактісін тергеп жатқан полицейлердің үстінен іс қозғалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
21 жастағы спортшыны өлтіріп, зорлау фактісі бойынша материал жинаған полиция қызметкерлеріне "қызметтік өкілеттігінің шегінен шығып кетті" деген айып тағылып отыр.
Бұған дейін зардап шеккен тараптың адвокаты Ажар Әбділ кейбір құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмысты жасыруға тырысып, оның дер кезінде ашылуына белгілі бір кедергілер жасағанын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, 2 шілде күні МАЭК су алатын каналының маңынан ақтаулық 21 жастағы спортшының денесі табылды. Полиция алдымен "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, кейін "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабы бойынша істі қайта саралады.
Спортшының туыстары оның кісі қолынан көз жұмғанына сенімді. Қоғамдық наразылықтан кейін полиция бұл істі "Кісі өлтіру" деп өзгертті. 13 қазанда іс материалдары сотқа жіберілді. Басты күдікті – қыздың бұрынғы жігіті.