Bugin
Фото: Ақорда
Бүгін, 25 қазан – Республика күні. Бұл мереке 1992 жылдан 2009 жылға дейін 17 жыл тойланып келген. Кейін үзіліп қалып, 13 жылдан кейін мереке қайта оралды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы еді. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң қабылданды.
1992 жылдан бастап тойланып, кейін 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған Республика күні 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған.
Былтыр 16 шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтарып, оған ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды.
Ал 29 қыркүйекте мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.
Бұл заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекітілді.