Саясат

Қазақ қыздар гимназиясы жеке ғимаратсыз отыр

Өзекті мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасының электронды поштасына келіп түскен хат. Өзекті мәселені ортақ талқылауға салуды жөн көрдік.

Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясына ашылғанына 25 жыл болса да, әлі күнге дейін жеке ғимарат бұйырмай келеді. Бүгінде бұл білім ордасы 1200 балаға лайықталған №24 орыс мектебінің ғимаратында отыр.

Мектеп әкімшілігі әу баста ғимараттың бір қанатынан 200 орын ғана бөлгенімен, ширек ғасырда гимназиядағы бала саны 400-ден асты. Асхана, медпункт, спортзалды екі мектеп ортақ пайдаланады. Мұндайда ғимарат иесі ретінде №24 мектепке басымдық берілетіні айтпаса да түсінікті. 25 жылда бұл гимназия білім көрсеткіші жағынан қаладағы үштіктің қатарына енгенін де айта кету ләзім. Гимназия ұжымы мен ата-аналар жеке ғимарат сұрап, Білім және ғылым министрлігіне бірнеше жыл қатарынан хат жолдағанымен, ақыры еш нәтиже шықпады. Былтыр облыс әкімі Болат Бақауов бұл мәселеге нүкте қойып, Қазақ қыздар гимназиясы үшін жаңа ғимарат салынбайтынын жеткізді. Оған себеп, Екібастұз қаласының мектептерінде білім алып жүрген 19 мың балаға ғимарат жеткілікті екен. Тиімді жолы - жартылай бос тұрған мектептерді бір-біріне қосу, яғни оңтайландыру жүргізу. "Ал енді қандай мектептер жартылай бос тұр?" деген сауалға келсек, алтауы да орыс мектебі екені анықталды. Белгілісі, биыл рейтингісі төмен, бала саны аз №23 орыс мектебіне 250 балаға лайықталған ғимаратта отырған №35 орыс мектебі көшпек. Бұл мектептің бастауыш блогы №13 орыс мектебінің ғимаратында отыр. 

Сондықтан №23 мектептен босаған, даңғарадай ғимаратқа көшуге олар, әрине, қуана-қуана келіседі. Ресми дерекке жүгінсек, биылғы жаңа оқу жылында Екібастұз өңірінде 3500 бала мектеп табалдырығын аттамақ. Білуімізше, солардың ішінде, 1500-ы ғана қазақ мектептеріне барады. Бұған себеп, ата-аналар балаларын рейтингісі жоғары қазақ мектептерінде оқытуға ынталы. Ал мұндай мектептердің басы артық бала қабылдауға мүмкіндігі жоқ. 1200-1500 балаға арналған мектепті жергілікті билік "бала санын толтыра алмай қала ма?" деген қауіппен қазақ қыздар гимназиясына қияр емес. Қыздар гимназиясының директоры Саламат Ізбастина болса, 1200-1500 орындық мектептердің ғимаратын №25 қыздар гимназиясына берсе, балалармен толтыра алатынына сенімді. «Гимназиядағы мұғалімдердің деңгейі жоғары. Әрі қыздар гимназиясының ел ішіндегі мәртебесі жоғары. Екібастұздағы әр екі қыздың біреуі аталған білім ордасында оқуды армандайды», – дейді.

«Ойды ой қозғайды» демекші, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламызда екінші мектеп – Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы гимназия-мектебі іске қосылды. Сол кезде жергілікті билік жігерсіздік танытып, 1500 балаға арналған ғимарат салудан тайсақтап, 500 орындық мектепті ашты. Бүгінде аталмыш мектеп қате шешімнің зардабын тартып келеді. Озық үлгідегі қазақ мектептерінің қатарына қосылған №22 гимназияда 700-ден астам бала оқиды. Осы мектеп үшін ешкімнің де жаңадан ғимарат салып бермесі – басы ашық мәселе.

Негізгі әңгімеге оралсақ. Қазақ қыздар гимназиясында білім алатын 450-дей оқушының ата-анасы баласының не асханасы, не спорт залы, не акт залы жоқ, ескі ғимаратта білім алуына наразы. Ал мұндай әбден тозығы жеткен, ит байласа тұрғысыз ғимаратқа қаракөз қыздарды көшіру – ұлттық мүддені сатумен бірдей емес пе?

Дария Ерғазина

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61