Bugin
Фото: pexels.com
Әлеуметтік желілерде 25 қазан Республика күніне орай митинг болатыны туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Астанадағы жағдай:
Мұнда полиция қызметкерлері жай адамдарды Кенесары хан ескерткішіне қарай өткізгісі келмеді. Полиция көліктері мен интернетті өшіретін құрылғылары бар көліктер де байқалды. Дегенмен митингке келдім деген тұрғындардың қарасы көрінбеді.
Кейін "Власть" сайты Астанада полиция қызметкерлерінің екі адамды ұстағанын жеткізді. Ал Азаттық сайты алаңға екі әйелдің шығып, қысымға қарамастан бейбіт жиынның өтуін талап еткенін алға тартты. Алайда, басылымның мәліметінше, бұл әйелдерді полицейлер журналистердің көзінше ұстауға батпапты.
Алматыда:
Мұнда Орталық саябақта жүрген 3 адамды полиция ұстап әкеткен. Сондай-ақ тағы 2 адам ұсталды. Оқиға орнында жүрген тілшіміз автозаг (полиция көлігі) жақтан тағы бір адамның “Алға, Қазақстан” деп айқайлаған дауысы естілгенін жеткізген болатын. Түс кезінде ұсталғандар саны 6 адамға жетті. Жалпы ұсталғандардың кейбірінің айтуынша, олар саябақта жай серуендеп жүрген.
Алматыда да бақылау мен тексеріс күшейген. Орталық саябақ пен алаңдар жіті қадағалауға алынған. Мұнда күндіз 88 жастағы соғыс ардагері келіп, барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешуді ұсынып, қақтығыстан аулақ болуға шақырды.
Қарағандыда:
Азаттық порталының мәліметінше, мұнда орталық саябақтың кіреберісіне үлкен техника қойылып, полицейлер күзеті қарқынды жұмыс істеген. Дегенмен техника түстен кейін алынып тасталған.
Шымкенттегі жағдай:
Бұл қалада көшелер жабылмады. Алайда құқық қорғаушылар мұқият жұмысқа кіріскен. Атап айтқанда, полиция Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан Арбатты және оған жақын орналасқан Республика көшесі мен Момышұлы көшесінің қиылысы маңайын бақылауда ұстады. Ал алаңға келген бір ғана Ермек Қуанышбай атты белсенді азаматты құқық қорғаушылар ұстамады.