Саясат
Пікір
Мемлекет жетекшісі Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газетіне берген сұхбатында келелі мәселелер көтеріпті. Қазір қазақылықтың иісі шықса қуана беретін жағдайға жеттік қой, алғашқы сұхбатты қазақ басылымдарынан бастағанын жақсылықтың нышаны деп қабылдадым. Сөз орайы келгенде айтайын, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ елінің басшысы ретінде сұхбатты алдымен Ресейдің газет, телеарналарына беру дәстүрін жоюы керек. Сонда өзімізді Ресейдің бір аймағы ретінде сезінбейтін боламыз. Біз сияқтылардың сезінбейтіні, тәуелсіз елде тұрып жатқанымыз түсінікті ғой. Бірақ өз елінде отырса да Ресейге жалтақтайтын, көршіден ишара күтетін бізде көптеген билік өкілі бар, бұл соларға үлгі, белгі болушы еді.
Бүгінгі сұхбатқа келсек, мақала «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» деп аталыпты. Сұхбатты жүргізген еліміздің майталман журналистері Нұртөре Жүсіп пен Дархан Қыдырәлі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының мына пікірлері ұнады.
Оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор.
Əділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан əділетсіздікпен мемлекет, қоғам, əр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек.
Əкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мəнінде халықты жалықтырды жəне жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар.
Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады.
Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мəселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Əлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз.
Мысалы, жергілікті əкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын əлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы, ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, сондай-ақ бюджеттің жымқырылуын мүлдем жою керек. Масылдық пиғылға да жол бермеуіміз керек.
…балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз.
Латын əліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Бірақ, қоғамдық пікір, əліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі.
Жалпы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақтілді басылымдарға айрықша назар аударып, өз ойын ашық ортаға тастауы құптарлық. Расында тәуелсіз ел ретінде ешкімге жалтақтамай, өз бағытымызды өзіміз айқындайтын дәуір бұл. Ел ертеңіне қатысты күллі жауапкершілік пен міндетті биліктің мойнына ғана артып қоймай, қоғам болып қауымдаса қимылдау бәрімізге ортақ жол. Біз түбі толық қазақтілді мемлекетке айналамыз.
Мәди Манатбек,
Фейсбук парақшасынан