ДАМУ
Фото: https://podacha-blud.com/
"Жаңа жылдан, ертеңнен немесе келесі айдан бастап жаңа өмірдің шымылдығын түремін. Ананы өзгертемін, мынаны өзгертемін",- дейтін адамдар көп. Бірақ жетістіктің даңғыл жолына таңертеңнен бастап баратындар аз. Ал сол азшылықтан миллионерлер және қаржылай тәуелсіз адамдар көптеп шығады. Таңғы уақыттың қаншалықты берекелі әрі адам өміріне маңызды екенін білгіңіз келсе, bugin.kz порталы дайындаған Хэл Элродтың "Таң сиқыры" кітабына шолуын ұсынамыз.
Ұнтақталған кофе мен ұйқыны не байланыстырады?
Ұнтақталған кофе бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс кезінен кең тарала бастады. Солдаттың соғыс өтінде кенеп қапшықта мұқият сақталған дәндерді баяу ұнтақтап жатқанын елестету қиын. Ұнтақталған кофе сусынды тез қайнату үшін арнайы әзірленген. Сондықтан соғыс аяқталса да, "ұнтақталған кофе шаңы" бүкіл әлемді жаулап алды. Маркетологтар бәрін біледі. Бұл кофенің құпиясы - адамдардың уақытын үнемдеп, ыстық көрпеде 5-7 минут жата тұруына сеп болуында шығар. Ех, адамдар, көз шырымын ала тұру үшін не істемейді...
Неліктен адамдарға ояну қиын?
Таңертең жалқаулықты әртүрлі жолмен ақтай аламыз. Жұмыс, мәселе, тапсырмалар, сұрақтар, қиыншылықтар... Оған уақыт жоқ. Оянуға қаншама себептер мен мақсат толып тұрса да адамдар кеш ұйықтайтын режимін бәріне кінәлі етіп шығарады. Шам жарығы, телефон экраны адамдардың тек қараңғыда бөлінетін ұйқы гармонын азайтты. Егер бәрімізді жасанды жарық көздерінсіз орманда өмір сүруге жіберетін болса, таңертең күн шыққанда ояну адамдарға қиыншылық тудырмас па еді?! Таңғажайып таңда тұру үшін жеткіліксіз. Адамға ерте ояну үшін ұзақмерзімді мақсат не арман қажет. Әрі алдағы уақытқа жоспар нақты болуы шарт. Сонда ғана адамдар құмсағаттан сырғыған құм емес, уысынан сырғыған уақыт екенін сезінеді.
Таңды керемет етуге не қажет?
Күні бойына жететін таңғы ғажайып энергияны алуға көп нәрсе қажет емес. Тек ыстық ұйқы құшағындағы бір сағатыңызды қисаңыз жетіп жатыр. Әдеттегіден бір сағат ерте оянуды мақсат етіп көріңіз. Ол үшін әр аптада 10 минут ерте тұруды қолға алыңыз. Бірден бір сағат ерте ояну қиын. Дегенмен аптасына тек 10 минуттан қысқартсаңыз, шаршап қалмайсыз. "Ойбай, бір сағаты несі?" - деуге асықпаңыз. Хэл Элродтың да рецепті бар.
Хел Элордтың кестесі
Таңертеңгі бір сағатта не жасауға болады? Байқайсыз ба, таңертең көп адамдар асығыс әрі мазасыз күйде жұмысына асығады. Небәрі 5 минуттық ұйқы да бізді жоспарымыздан кеш қалдырып, күніміздің өнімді өтуіне нұқсан келтіреді. Хэл Элордтың төмендегі кестесі тек уақытыңызды жоспарлауға ғана емес, ішкі жан дүниеңізбен жарасым табуыңызға да көмек береді.
Тыныштық - 5 минут;
Аффирмация - 5 минут (мақсатыңызды пысықтап, ой жүгіртсеңіз де болады);
Визуализация - 5 минут (бүгінгі күніңізді жоспарласаңыз болады);
Жаттығу - 20 минут (омыртқа, көз, аяқ-қол бұлшықетіне қажетті дене жаттығуларын жасаңыз);
Оқу - 20 минут (кез келген кітапты таңдап, оқып шығыңыз);
Жазу - 5 минут (стресс пен жаман ойлардан сейілу үшін ойыңызға келген сөздердің бәрін жазып шықсаңыз, күйзелісіңіз жеңілдейді).