Bugin

Бас прокуратура шахтадағы оқиғаның тергеу деректерін жариялады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: "АрселорМиттал Темиртау" баспасөз қызметі

Бас прокуратура "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Костенко шахтасында болған оқиғаларды тергеу қалай жүріп жатқаны жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Басқарма ақпаратына сүйенсек, газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында шахтаға түсу арқылы оқиға орнын алғашқы тексеру жүргізілген.

“Ауысым қызметкерлерінен, "АМТ" Көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жауап алынды. Бірқатар сот сараптамалары, оның ішінде жарылыс-техникалық, биологиялық, геномдық-молекулалық, т.б. тағайындалды. Кеншілер еңбегінің қорғалуының материалдық қамтамасыз етілу талаптарына сәйкестігін тексеру және қорытынды беру үшін мемлекеттік аудит мамандары мен басқа да сарапшылар тартылды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ шахтада жұмыстарды ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттамалар алынған.

“Кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі. Зардап шеккендер мен туыстарының қатысуымен өткізілетін тергеу әрекеттері олардың денсаулық жағдайы және жерлеу рәсімдерін өткізу қажет екенін ескере отырып жүргізіледі”, – деп хабарлады Бас прокуратура.

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні "АрселорМиттал Теміртау" кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды.