Bugin
Фото: ORPHANS-FEEDING-FOUNDATION.ORG
Украинаның Мариуполь қаласында 2022 жылдың көктемінде орыс әскерлерінің қоршауында қалған 9 жасар Ильяның анасы көз алдында қайтыс болған. Баланың содан кейінгі тағдырын bugin.kz сайты BBC ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір Ильян он бір жаста. Ол Гаага сотында Нидерланды Сыртқы істер министрінің алдында бастан кешкен тағдырын айтып берді.
Украина билігінің мәліметінше, жаппай басқыншылық басталғалы бері орыстар Украинадан 10 мыңға жуық баланы ұрлап әкетіп, жер аударған.
Олардың нақты санын анықтау мүмкін емес, өйткені елдің бір бөлігі әлі Ресейдің қарамағында. Украиналық "Соғыс балалары" порталының мәліметінше, Ресейге 20 мыңға жуық бала ұрланып, жер аударылған.
Владимир Путин бала ұрлау фактілеріне басқаша түсініктеме берді. "Біз балаларды ұрлап жатқан жоқпыз. Соғыс аймағынан балаларды құтқарып жатырмыз", - деді ол шілдеде.
Украина билігі алып кеткен 20 мың баланың 400-і ғана қайтарылғаны туралы мәлімет берді. Илья – еліне қайтқан 400 баланың бірі.
Гаагада балаларды ұрлау фактілеріне назар аудару үшін BringKidsBackUA деп аталатын ақпараттық науқан басталды. Мариуполь және Харьков облысынан Ресей әскерилері алып кетіп, кейін Украинаға қайтарылған алты бала Нидерландыға келді. Олар 11 мен 17 жас аралығында.
Балалармен кездесудің әсері ерекше болды. Әрқайсының тағдыры көздерінде мұң боп таңбаланған. Небәрі 11 жастағы баланың көз алдында анасы мерт болып, өзі адам ұрлығының құрбаны болған.
Голландия билігінің өкілі: "Кейіпкерлер баяндаған оқиғалары арқылы басқа да ұрланған балаларға көмектесе аламыз деп үміттенемін. Мұндай жағдай қайталанбауы керек", - деді.
Orphans Feeding Foundation ұйымының өкілі Мариам Ламберт : "20 мың. Бұл тек сан емес. Ол 20 мың бала. 20 мың адамның тағдыры. Бұл біздің өмірімізде болып жатқан оқиғаның кейіпкерлері", - деп жағдаяттың маңызын баяндады.
Сыртқы істер министрі Нидерландының ұрлау фактілерін тергеуге көмектесетініне, халықаралық деңгейде жария етуді жалғастыруға және қатысы бар ресейліктерге қарсы санкцияларға қол жеткізуге уәде берді.
Сондай-ақ Нидерланды Украинаға контрабандалық жолмен әкелінген балаларды анықтауға көмектесетін ДНҚ-сынау жинақтарын береді.
Журналистер балалардан: "Мұнда не үшін келгеніңді түсінесің бе?" - деп сұраған. Кестеленген көйлек киген 12 жастағы Саша: "Біз сіздерге Украинада соғыс болып жатқанын айту үшін келдік. Сөздерімізді ойдан шығармадық, өмірден алдық", - деп жауап береді.
Бұл күні Саша журналистер мен саясаткерлерге өзінің бастан кешкенін бірнеше рет айтып береді. 2022 жылдың көктемінде Мариупольде анасынан қалай ажырағанын, снаряд кезінде көзін қалай жаралағанын ол тебірене баяндады.
Қоршауда қалған Мариупольді тастап кетуге тырысқан Саша және оның анасы фильтрациялық лагерьде болған.
Саша лагерьге келген адамдар өздерін Новоазовск балалар құқығын қорғау қызметінің қызметкерлеріміз деп таныстырып ертіп кеткен. Балаға анасымен кейінірек көрісетінін айтып, уәде берген.
Мариупольден Саша Донецктегі ауруханаға жіберілген. Сол жерде палатадағы баладан телефон сұрап, әжесіне телефон соғады. Қарт әйел немересін Донецктен алып шығу үшін көптеген кедергіден өткен.
"Украинаға оралған кезде мен тамақ пен суды бағалай бастадым. Өйткені Мариупольде бізге тамақ жеткіліксіз болды. Нан жоқ, ештеңе болмады", - деп еске алады Саша.