Bugin
Фото:polisia.kz
Ақтөбедегі сауда орталықтарының бірінен 25 миллион теңгенің алтыны ұрланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 1 қарашада болған. Сатушы әшекейлерінің жоғалғанын келесі күні таңертең байқаған. 29 жастағы кәсіпкерге келтірілген шығын шамамен 25 миллион теңгені құраған.
Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері бейнекамералардың жазбаларын тексеру кезінде медициналық бетперде киген ер адамның сауда орнына жасырын кіріп, шкафтан алтын бұйымдарды ұрлағаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктінің жеке басын “ізін суытпай” анықтады. Ол 25 жастағы аудан тұрғыны болып шықты" делінген хабарламада.
Күдіктінің түнгі уақытта сауда-ойын сауық орталығында адамдардың аздығын пайдаланып, өзінің 3 сыбайласымен бірлесе әрекет жасағаны анықталды. Олар орталықтың ішінде бір-бірімен құлаққап арқылы байланысып отырған және осы қылмысты жасағаннан кейін Орал қаласына бой тасалаған. Күдіктілердің барлығы бұрын сотталған облыс тұрғындары екені анықталды.
Ұрланған алтындар тәркіленді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігімен (Ұрлық) қозғалған қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.