Weekend
Леонардо да Винчи
Өшпейтін із қалдырған ұлы Леонардо да Винчи болмағанда былай болар еді деп айту қиын-ақ. Басқа адам болғанда, ештеңе болмайды, ол болмады деп өзен ағысын кері бағытқа өзгертпейді, не өзен ағысы тоқтап қалмайды деуім мүмкін еді...
Тәуліктеп айлық жолдарды жүріп өту, не мұхит асып басқа материкке бару бізге аса қиындық тудырмайды. Себебі ұшақ біз қалаған орынға азғантай сағаттарда жеткізеді. Ата-бабамыздың заманында өмір сүрсек, «бұл – бір ғажайып» дер ме едік?! Қаланы жоғарыдан алақанда тұрғандай етіп көргіңіз келсе, парашютпен қарап көріңіз. Тек биіктіктен қорықпасаңыз болды. Соғыс кезінде маған оқ тиеді-ау деп көп уайымдауға себеп жоқ – танкі ішіне оқ өтпейді. Өзен-көлдің арасын кемемен жүзіп өтуге де негіз жоқ – көпір бар. Су астында ұзақ уақыт тұрғыңыз келсе – су астында киетін костюм бар. Қалауыңызша су астындағы тіршілікті зерттей аласыз. Кешкісін таза ауа жұтып, сүйіктіңізбен серуендегіңіз келсе, велосипед жақсы таңдауыңыз болады.
Осы процестерді жеңілдеткен, өлшеніп берілген өміріміздің азғандай уақытын үнемдеуге, өміріміздің жарқын шақтарын мәндірек өткізуге үлкен септігін тигізген УНИВЕРСАЛ ЛЕОНАРДО ДА ВИНЧИ болмағанда біз заманымыздан кейінге қалып, парашют, шайтан арба(велосипед), танк, көпір, робот, телескоп, прожектор, су астында киетін костюм, пулемет, дельтаплан секілді өнер туындыларын енді ғана ашатын едік, мүмкін бізден кейін ашылар еді...
Да Винчидің өзінің заманын бірнеше ғасырға баса озғандығын тарихтан білеміз, ол үш қайнаса сорпасы қосылмайтын анотомия, оптика, инженерия, көркемсурет өнері, архитектура салаларында уникальды жаңалықтар ашуы бейне-бір Жер планетасынан тыс, утопиядан ғалымдардың ойы жете бермейтін ақпарат алып отырғандай. 1485 жылы Миланда болған оба ауруы кезінде Леонардо да Винчи ұсынған идеал қала жобасы бойынша канализация жүйесі осы заманда да қолданылып жатқанын бірі білсе, бірі білмейді.
Сену қиын, бірақ Леонардо қазу үшін емес, қазылған заттарды көтеру, тасымалдау үшін экскаватор ойлап тапқан. Демек, Леонардо болмағанда қарапайым халық бірігіп ауыр заттарды өздері көтерер еді... Леонардо да Винчи ауаны сығып, құбырлармен жүргізетін құрал жасаған. Бұны пештерді жағу мен бөлмелерді желдетуге дейін қолданады. Леонардо да Винчи желдеткіш ойлап таппаса, жаздың аптап ыстығында газетпен өз-өзімізді алдаусыратып отырар едік. Леонардо болмағанда оның ойлап тапқан өнер туындылары болмас еді, салған шедеврлері Луврда тұрмас еді, адамдар бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен оның «Мона Лизасын» бір көруді арман қуып музей жағалап жүрмес еді, қаншама ғалымдар оның құпия-сырға толы туындыларының кодын ашуға тырыспас еді...
да Винчидің еңбектерін көріп, өз шығармашылығын, сурет салуды мүлдем доғарған адамдар бар. Демек да Винчи болмағанда талантсыз суретшілер көбірек болар еді. Соғыста ескі замандағыдай қылыш кезеніп, аттың үстінде жүрер ме еді?!
Менің ойымша, Леонардо да Винчи болмағанда ғылымдағы ашылулар кейінге қалып, бұл өмірде комфорт деген ұғым өз мәнін дұрыс таппаған болар еді. Леонардо да Винчидің замандастары мен біз, келешек ұрпақ универсал да Винчиге өмірімізді жайлырақ еткен өнер туындылары үшін алғыс айтуымыз керек.