Bugin

БҚО-да дәрі егілген малдар өліп жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында қарасан ауруына қарсы егілген ірі қара малы өліп жатыр, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Бөрлі ауданы шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы Бақыт Далабаевтың айтуынша, мал қарасанға ұқсас белгілермен өлуде.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай тек осы Бөрлі ғана емес, облыстың басқа да аудандарында, тіпті республикада кездесіп отыр.

Фермерлер белгісіз індеттен жүз шақты малдың қырылғанын айтады. Ауру мал алдымен ақсаңдап, келесі күні ісік пайда болып, құлайды.

"Мұның бәрі малмен күн көріп отырған ауыл тұрғындарына қиын тиюде. Мал шығынын өтеу қажет деп есептеймін. Сонымен қатар ауру мал етінің базарларға шығып кетпесіне кім кепілдік береді? Осы орайда ветеринар мамандар шындықты айтуы тиіс", - дейді Б.Далабаев.

БҚО ветеринария басқармасынан түскен ақпаратқа қарағанда, Бөрлі ауданында барлығы 13 бас ірі қара төлі шығынға ұшыраған.

Биылғы 4 қыркүйекте Бөрлі ауданы Қарақұдық ауылдық округіне қарасты "Руслан" шаруа қожалығында 7 бас ірі қара малы төлінің өлімі тіркелген. Сол күні ветеринар мамандар өлген 3 бас малдан материал алып, ол қарасан ауруы деген күдікпен облыстық ветеринариялық зертханаға жолданды. Алайда зерттеу қорытындысы бойынша диагноз расталмады.

Басқармадан мәлім еткеніндей, сондай-ақ Қарағанды ауылдық округі тұрғындарының 7 бас ірі қара төлі ауырып, соның алтауы өліп, біреуі жазылды. Өлген малдардан патологиялық материал алынып, қарасан ауруына деген күдікпен облыстық ветеринариялық зертханаға 31 қазанда және 3 қарашада жіберілді. Зерттеу қорытындысы күтілуде.