Bugin

Кредит беру тәртібі қалай өзгереді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Қазақстанда кредит беру тәртібі тағы өзгереді, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Бұл жолы қарызға ақша алғысы келетін адамның табысына қатысты талапты күшейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, тұтынушылық кредиттер бойынша бірқатар шектеу енгізіледі.

Халық өз табысын жасырмауы керек

Бүгінде депутаттардың бастамасымен арнайы заң жобасы әзірленді. Оған сәйкес, ресми табысын растамаған азаматтарға кредит беруге тыйым салынады. Осыған байланысты кредитке ақша алғысы келетін адамның төлем қабілеттілігін бағалау жүйесі қайта қаралады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, табыс көздерінің коэффицентін есептеу тәртібін өзгерту керек. Ал кредит адамның ресми табысына сай болуы шарт.

"Қазіргі кезде барлық жеке тұлға бойынша кез келген қарызды (кепілсіз, тұтынушылық, ипотекалық, автокредит және тағы басқасын) алғанда ресми расталған табыстардың негізінде қарыз жүктемесінің коэффицентін есептеу ұсынылып отыр. Бұл қарыз алушыларға, оның ішінде 21 жасқа дейінгі жастардың борыштық жүктемесін төмендетуге, сондай-ақ ресми жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, мұның "сұр" экономиканың бір бөлігін төмендету және соның нәтижесінде ел бюджетіне салық түсімін арттыру сияқты мультипликативті экономикалық әсері болады", - деді Сүлейменов депутаттардың сауалына берген жауабында.

Оның айтуынша, кредит беру кезінде ресми табыс көзі ғана есепке алынса, адамдар артық кредит алмайды. Сондай-ақ жалақыны ресми түрде алуға тырысады. Себебі бүгінде өз табысын көрсетпей жүргендер баршылық.

Тағы қандай шектеулер болады

Заң жобасы аясында тағы бірнеше шектеу енгізіледі. Оған сәйкес, қарыз алушы адамға да, банктер мен микроқаржы ұйымдарына да нақты талаптар қойылады. Олар:

қайта құрылымдауды қоспағанда, банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың 90 күннен астам мерзім өткен берешегі болған кезде, оларға қандай болмасын қарыз беруге тыйым салу;

банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың қарыздары бойынша талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салу;

90 күннен аса мерзімі өткеннен кейін сыйақы талап етуге салынатын тыйымды бұрын жасалған тұтынушылық қарыздарға қолдану;

әскерге шақырылған қарыз алушылар үшін сыйақы есептемей, қарызды өтеу мерзімін міндетті түрде кейінге қалдыруды енгізу;

кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу.

Қазіргі кезде халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр.

Әскерге барғандар кредит ала алмайды

Алдағы уақытта мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға кредит беруге тыйым салынады. Бұл да жаңа заңның нормасы. Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтың айтуынша, әскер қатарында жас сарбаздарды кредит алуға мәжбүрлеу фактілері баршылық. Оған заң жүзінде тосқауыл қою қажет.