Bugin

Талан-таражға салынған 857 миллиард теңге қазынаға қайтарылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото пресс-службы Акорды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысына Асхат Жұмағали биылғы жылдың 10 айындағы жұмысының қорытындысы туралы баяндады.

"Жыл басынан бері елімізде 1500-ге жуық сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 1100-ден астам тұлға әшкереленсе, оның 158-і – түрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа мыңнан аса іс жолданып, 282 миллиард теңге шығын өтелген", - делінген хабарламада.

Агенттік төрағасы сондай-ақ 2022 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 миллиард теңге сомаға мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуы қамтамасыз етілгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар қылмыстық істердің тергелу барысы туралы баяндалды.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру және алдын алу шараларын күшейту жөнінде нақты бірқатар тапсырма берді.