Bugin
Фото: КТК кадрынан скриншот
Жамбыл облысының Қаратау қаласында құрылысы төрт жыл бұрын басталған саябақ әлі аяқталмаған. Бұл туралы bugin.kz тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Моноқалаға кіре берістегі гектардан астам аумақта субұрқақ салып, орындықтар мен флагшток орнатуды жоспарлаған. Бірақ қазір саябақ қараусыз қалған. Кіреберіс арканың іргетасы жарылып, су құбырлары жарамсыз болып қалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, Қаратау қаласын абаттандыруға бөлінген 148 миллион теңге бюджет қаражатының ұрлануынан саябақ құрылысы аяқталмай қалған. Сондықтан құрылыс тоқтатылып, қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жазаланды.
Жақында ғана жергілікті билік жұмысты жалғастыруға рұқсат алды. Қаржы келесі жылы бөлінеді.
"Осы саябақты қалпына келтіруге тұрғындардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жалғастыруға рұқсат бердік. Енді жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, аудандық бюджетті жоспарлау бөліміне өтінім береміз. Қаржы бөлінгеннен кейін жұмысты қайта бастаймыз", - Қаратау қаласы әкімінің орынбасары Ұлан Сәрсенбек.