БІЛІМ

Неліктен дауылдар әйелдердің есімімен аталады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2019 жылы болған "Дориан" дауылы Багам аралдарына үлкен шығын әкелді / Фото: stock.adobe.com

Кез келген аумақта дауыл болғаны туралы хабарлама естігенде, атына мән бересіз бе? Катрина дауылы, Изабель дауылы, Харви дауылы... Ендеше, дауылдар неліктен әйелдердің есімімен аталған? Оларға қойылған есімдер қалай таңдалады? Бұл сұрақтарға жауапты bugin.kz тілшісі дайындаған мақаладан таба аласыз.

Тайфун (ағылш. typhoon, қыт. тай фын – үлкен жел) – сұрапыл дауыл түрінде әрекет ететін тропиктік циклонның аты. Біз нақты тайфундардың атауына талдау жасаймыз. Жыл сайын жер бетінде көптеген су тасқыны болып, мыңдаған адам өледі. Қалалар мен ауылдар қирайды.

Бірнеше күн бұрын "Отис" деп аталатын осындай дауыл Мексикаға айтарлықтай зиян келтірді. Тынық мұхитынан бастау алып, Мексиканың оңтүстік жағалауына жеткен дауыл Саффир-Симпсон шкаласында бесінші жоғары санатқа бағаланған. Герреро штатында желдің жылдамдығы секундына 75 метрге жетіпті. Соның салдарынан адамдар қаза тауып, 500 мыңға жуық түрлі ғимараттар мен үйлер жарықсыз қалды.

"Отис" дауылы – ең үлкен табиғи апат емес. Соңғы тарихта одан да үлкен және одан да жойқын дауылдар көп болды. Төменде біз дауылдардың аталу себептері туралы ақпарат береміз.

Неліктен дауылдарға атау беріледі?

Дүниежүзінде болып жатқан ірі дауылдарға әртүрлі атау беру әдетке айналған. Оның тарихы ХХ ғасырдың басынан басталады. Тайфундардың атын бірінші болып австралиялық Клемент Рагг атаған.

Бастапқыда Рагг түрлі дауылды табиғат құбылысын зерттеуді қаржыландыруға көмектескен парламент мүшелерінің есімімен атаған.

Кейінірек, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде америкалық әскери қызметшілер Кариб теңізіндегі дауылдарды жұбайларының немесе аналарының есімімен атаған.

1950 жылдан бастап әскери әліпбидің фонетикасына негізделген тайфундарды атау жүйесі енгізілді. 1953 жылы дауылдарға әйел есімдерін беру тәртібі қайтарылды.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым 1979 жылдан бері дауыл атауларының тізіміне ер адамдардың есімдерін қосты. Алайда одан кейін де мұндай табиғи апаттар көбінесе әйелдердің атымен аталады.

Жиі тайфун болатын аймақтардың тізімі жасалған. Мысалы Атлант мұхитында болатын дауылдардың өзінде арнайы 6 тізім бар. Әр тізім 21 тайфун атауынан тұрады.  

Бұл тізім 6 жыл бойы сақталады. Алтыншы жылы тізім аяқталғаннан кейін тізімдегі есімдер тайфун атауларына қайтадан пайдаланылады.

Сондықтан бір жылда 21-ден аса тайфун болса, дауылды грек әріптерімен атайды. Ірі тайфундардың атаулары тізімнен алынып тасталады. Басқа тайфундарға ол атауды қолданбайды.

Мысалы 2005 жылы "Катрина" дауылы бұрын-соңды болмаған шығын әкелді. Басқа бірде-бір дауыл мұндай атаумен аталмаған. "Катрина" дауылы 1836 адамның өмірін қиып, АҚШ-қа 125 миллиард доллар шығын әкелген.

Тайфундардың жапонша атаулары

Жапондар тайфундарды атаудың бұл үлгісін ұстанбайды. Олар Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде, Жапонияға жақын жерде болған табиғи апаттарды әртүрлі жануардың, гүлдің, ағаштың аттарымен атайды.

Әдетте кішігірім дауылдарға арнайы атау бермейді.Тек ірі табиғи апаттарға ат қояды. Желдің жылдамдығы ескеріледі. Соңғы жылдары жылдамдығы секундына 32 метрден асатын тайфундар аталды. Өйткені мұндай дауылдар жойқын болып есептеледі.

Әлемде Харви, Рита, Наргиз, Катрина, Сэнди секілді ірі тайфундар әйел есімімен аталады. Аталған дауылдардың әрқайсында 100-нан аса адам мерт болып, ірі шығындар болған.