Bugin
© instagram/rterdogan
Ердоған Израиль армиясының Газа секторындағы бейбіт тұрғындарды қырып-жоюына БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар ештеме істемеді деп айыптады. Бұл туралы Bugin. kz тілшісі Anadolu басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мұсылмандарды өлтірілгенде БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың тиімсіз және соқыр екеніне тағы бір мәрте куә болдық. Халықаралық қауымдастық Газадағы қырғындарға қарсы шара қолдануы керек. Дегенмен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тағы да әрекетсіз екенін көріп отырмыз",- деді түрік басшысы.
Бұл туралы ол Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтіп жатқан Эр-Риядтан оралған кезде журналистерге мәлім етті.
Ол сондай-ақ Израиль-Палестина қақтығысы кезінде АҚШ-тың ұстанымын сынады. Оның айтуынша, Вашингтон бұл жерді Израиль территориясы деп есептесе, Түркия мен АҚШ арасында Газа секторы бойынша келісімге келу мүмкін емес.
"Іске қосу керек ең маңызды ел – Израильге ықпалы бар Америка... Газа - Палестина халқының жері. Америка мұны мойындауы керек. Егер Байден Газа Палестина халқының жері емес деген көзқараста болса, онда Газа - Палестина халқының жері», - деп келтіреді РИА Новости Ердоғанның сөзін.
Оның айтуынша, "бірқатар елдердің үкіметтері өздерінің империалистік мүдделері үшін Израильді ақтауға тырысқанымен, олардың қоғамдары үшін Израиль балаларды өлтіретін ел".
Ердоған тағы да палестиналық ХАМАС қозғалысының "террорлық ұйым емес, өз жерін қорғауға және туған жері үшін бар күшімен күресіп жатқан халық" екенін айтты.