БІЛІМ
Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова
Делидің аспаны 1996 жылы 12 қарашада қою түтінге оранды. Миллиондаған халық мекен еткен қала дүрлікті. Оқыс оқиға Делидің өзінде емес, 100 шақырым жердегі Чархи Дадри қаласына жақын ауылда орын алған еді. Дивали мерекесі аяқталып, үндістандықтар қалыпты жұмыс күніне көшкен. Отшашулар аяқталған. Ендеше аспандағы қызыл жарықтың сыры неде? Қазақстандық ұшқыштар қатысқан әлем тарихындағы ең ірі ұшақ апаттарының бірі туралы Bugin.kz тілшісі баяндайды.
Миллиондаған тұрғыны бар қаланың көгінен аэропортқа қонуға тек бір дәліз қолданылатын. Диспетчер ұшып-қонатын ұшақтарды биіктік бойынша бөліп, апатқа ұшырамауын қадағалап отыратын. Капитан Халид әл-Шубайли басқарған Дели - Жидда 763 рейсінің бортында Сауд Арабиясына жұмыс істеу үшін ұшқан үнділік жұмысшылар мен мұнайшылар болған.
Сол күні кешке 44 жастағы Александр Черепановтың басқаруымен Қазақстаннан Шымкент-Дели бағытында Ил-76 ТД жүк ұшағы ұшып бара жатқан. UN-76435 мемлекеттік нөмірі бар тасымалдаушы Air Kazakhstan әуе компаниясына тиесілі еді. Оның бортында 10 экипаж мүшесі мен 27 жолаушы, нақтырақ Ресей мен Қырғызстан азаматтары болған.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 18:40-та Делиден ұшып шыққан Сауд Арабиясының ұшағы мен 15 минуттан кейін қонуға дайындалып жатқан қазақстандық ұшақ қарама-қарсы бағытта өтуі керек еді. Сауд Арабиясының ұшағы төменірек (4200 м), Қазақстан ұшағы биігірек (4500 м) ұшуы керек болған.
Екі ұшаққа да Датта есімді үнділік әуе диспетчері команда берген. Екі жақпен де байланыс сақталады. Ал диспетчерлер бәрін дұрыс айтқандықтан, екі ұшақ та сәтті өтетініне сенімді болады. Сондықтан Датта мониторындағы екі жасыл белгі қосылып, экраннан жоғалып кеткенде, шошып кетеді.
Біраз уақыт Датта ұшқыштармен байланысуға тырысады. Жауап жоқ... Көп ұзамай америкалық Lockheed C-141 Starlifter әскери ұшағының командирі капитан Тимоти Плейс байланысқа шығады. Ол аспаннан шарпыған жалынды байқағанын хабарлайды.
Ил-76 ұшағының құйрығы саудиялық лайнердің сол қанатына тиіп кеткен. Содан кейін екі ұшақ та аспаннан жерге құлай бастаған.
"Мен бұл жарқылды үлкен газ жарылысы сияқты көрдім", - деп еске алады сол сәтке куә болған отставкадағы әскери қызметкер Махендра Сингх.
Диспетчер соңғы диалогта қазақстандық ұшқыштармен сөйлескен:
- Ұшақты 15 мың фут биіктікте ұстаңыз. Сауд Арабиясының Boeing 747 ұшағы сізге 14 миль қашықтықта келе жатыр.
- Қанша миль?
- Қазір 14 миль. Биіктігі 14 мың фут.
Бір минуттан кейін екі белгі де монитор экрандарынан жоғалып кеткен.
Үндістандық контроллерлер бұрынғы Кеңес Одағынан келген ұшқыштар метрикалық жүйені қолдануға үйренгендіктен, кейде биіктік пен қашықтықты қате есептейтініне жиі шағымданған.
Дели әуежайының радарлары ұшақтың биіктігін көрсетпейді. Сондықтан диспетчер екі жақтың нүктелерінің қиылысуын көргенде, ұшақтар қауіпсіз қашықтықта өтуі керек болғандықтан, олар әртүрлі бағытта қозғала береді деп күткен. Ұшақтар Делиден 75 шақырым жерде апатқа ұшыраған. Оқиға орынына жедел жәрдем жеткенде, алты адам тірі болған. Өкінішке қарай олар көп ұзамай алған жарақаттарының салдарынан көз жұмады. Нәтижесінде екі ұшақтағы 349 адам қаза табады. Бұл – қазіргі уақытта авиация тарихындағы әуедегі қақтығыстан адам өлімі бойынша көш бастап тұрған апат.
Тергеу комиссиясы "қара жәшіктерді" декодтау арқасында не болғанын анықтаған. Ил-76 диспетчері көрсеткен биіктіктен төмен түсіп, қарсы бағытта ұшып келе жатқан Boeing 747 ұшағымен бір деңгейде қалып қойған. Соғысу алдында капитан екінші ұшқыштан олардың қандай биіктікте ұшатынын сұрайды. Сөйтсе, қазақстандық ұшқыштар диспетчердің командасын түсінбеген болып шығады. Тіпті, ұшқыштар ағылшын тілін нашар білген болуы мүмкін деген де нұсқа бар. Ұшу операторы ұшақтың соққыға бірнеше секунд қалғанда қате ұшу деңгейінде екенін анықтап, капитаннан көтерілуін сұрайды. Ұшақ көтеріле бастаған бойда екі ұшақ бір-бірімен соғысады.
Тағы бір деректерде апатқа басқа да жағдайлар әсер еткен делінеді. Мысалы Дели әуежайында диспетчерлерге ұшақтардың транспондер сигналдарын оқу арқылы биіктігі туралы ақпарат беретін қосалқы радар болмаған. Сонымен қатар Дели әуежайында азаматтық ұшақтардың ұшып шығуы мен келуі үшін бір ғана дәліз болды. Өйткені әуе кеңістігінің көп бөлігін Үндістан әуе күштері басып алған еді. Екі ұшақта да жол қозғалысы туралы ескерту жүйесі (TCAS) болмағаны анықталды.
Тергеу нәтижесінде Дели айналасындағы әуе қозғалысы процедураларына өзгерістер енгізу және әуежай инфрақұрылымын жақсарту бойынша ескерту беріледі. Қазақстан экипажының командиры Александр Черепанов 10 мың сағат әуеде болған, Делиге бірнеше рет рейс жасаған тәжірибелі маман болған. Ол соңғы сапарынан сәл бұрын ғана ағылшын тілі сынағынан сәтті өткен екен. Бұл істе Қазақстан ұшқыштары қате жіберді деген қорытынды жасалады.
Апаттан кейін мәйіттердің үштен бірінің жеке басы анықталмаған. Оқиға орнына жақын маңдағы үнді ауылдарының тұрғындары мәйіттерге тиесілі заттарды тасып әкетеді.
Бұл апаттан соң Kazakhstan Airlines әуе компаниясы жұмыс істеуін тоқтатады.