Bugin

Қостанай облысында мас жүргізуші полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: polisia.kz

Қостанай облысында полиция қызметкерлеріне оқ атқан мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сайт мәліметінше, оқиға 12 қарашада сағат 21:00-де Қарабалық ауданының Алматы – Екатеринбург автожолында, Приуральск кентінің аумағында болған. Полицейлер жолда УАЗ автокөлігінің габариттік шамдарын қоспай жүріп келе жатқанын  байқаған.

Жүргізушінің мінез-құлқы полиция қызметкерлеріне күдік тудырған. Көлік жүргізушісі полицейлердің "Көлік құралын тоқтату туралы" заңды талабына жауап бермеді және рөлді басқара алмай, кюветке шығып кетті. Сондай-ақ жүргізуші қашпақ болып, тәртіп сақшыларына қарай бірнеше рет қарумен оқ атқан. Көлікті тастап, жүргізуші оқиға орнынан қашып, қаруды өзімен бірге алып кетті. Аудан аумағында “Сирена” жоспары жарияланып, жеке құрам дабыл бойынша көтерілді.

Қостанай облысы ПД арнайы бөлімшесінің қатысуымен өткен іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 жастағы тұрғыны мас күйінде, өзінің танысының пәтерінде ұсталды.

"Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабы бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жауап ретінде қару қолданбаған, оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ. Іс бойынша аңшылық қос ұңғылы мылтық, патрондар мен спирттік ішімдіктер тәркіленді. Қазіргі уақытта қару баллистикалық сараптамаға жіберілді. Сол күні қылмыскер күдікті деп танылып, Қарабалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.

Полицейлер ұсталған адам бұрын тәртіп сақшыларының "Көлік құралын тоқтату" туралы заңды талаптарын ескермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ведомствода тұрғындарға полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау фактілері үшін әкімшілік және қылмыстық жаза туралы еске салады.