Bugin

Алаяқтар мемлекеттік қызметкерлерді алдаудың жаңа әдісін ойлап тапты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pixabay.com

Қызылорда облысында мемлекеттік қызметкерлердің хат-хабарын әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытып, ақша бопсалаған қылмыскерлерге сот үкімі шықты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуметтік желіде ашық хат алысып, мемлекеттік қызметкерлерді бопсалаған үш айыпталушы сотталып жатыр.

Алаяқтар өздерінің аватарларында сұлу қыздардың суреттерін орналастырып, жалған парақшалар ашқан. Олар ер адамдармен диалогқа түсіп, интимдік хат алмасқан. Содан кейін айыпталушылар олардың желіде жазған хабарламаларын жариялайтынын айтқан. Сондай-ақ мәжбүрлі жыныстық қатынас туралы мәлімдемелер жазатынын айтып қорқытқан. Алаяқтар мемлекеттік қызметкерлерден хабарламаларды жарияламау үшін ақша бопсалаған.

Осылайша 12 мемлекеттік қызметкер алаяқтардың құрбаны болған. Сот отырысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Нәтижесінде 12 жәбірленушінің 11-і сотталушыларды кешіріп, оларға келтірілген шығын толық өтелгенін мәлімдеген. Кейін олар азаматтық талап қоюдан бас тартты. Алаяқтардың әрекетіне наразы болған жалғыз адам сотта келтірілген 500 мың теңге шығынның өтелмегенін көрсетті. Ер адам істі жария етуден тартынбай, азаматтық талап-арызын қолдады.

Осының нәтижесінде судья 3 сотталушыны 3,5 жылға бас бостандығын шектеуге, сондай-ақ үкімді орындау кезінде жылына 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тартуға үкім шығарды. Сонымен қатар сотталушылардан 500 мың теңге көлеміндегі шығын өндірілді.