Bugin
Фотоколлаж, фото: zakon.kz, express-k.kz, theopenasia.net, politeka.net, bestnews.kz, depositphotos.com, kolobok.ua
Арыс қаласында педофилге сот үкімі шықты. Педофилге қатысты үкімді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жариялады. Бұл туралы Bugin.kz порталы Түркістан қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыс ағымдағы жылдың 21 мамырында Арыс қаласында болған. Түркістан қалалық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев:
"Сағат 16:30 шамасында сотталушы Арыс қаласындағы пәтерінен шығып, кіреберіс есік алдында қызды көреді. Осы кезде ол жыныстық зорлық-зомбылық жасау туралы шешім қабылдайды. Сотталушы қызды дәл сол алдында ойнап жүрген подъезге, екінші және үшінші қабаттар арасындағы алаңға апарған. Кіре берісте ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң, жас балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен", - дейді .
Баланы қорлаған соң, ер адам подъезден шығып, темекі сатып алу үшін дүкенге барған.
"Бұл кезде қыздың әкесі аулада көлік жөндеп жатқан. Сотталушы дүкеннен қайтып келе жатқанда, қыз ауладағы әкесіне тамағы ауырып жатқанын айтып, болған жайтты баяндап шағымданған. Ер адам бірден ұсталды", - деп қосты баспасөз қызметі.
Сотта 22 жастағы сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, бұл қылмысқа "жын жетелегендіктен" барғанын айтты.
Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Өмір бойына педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы тағайындалған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.