ДАМУ

"1 доллар – 4, 75 теңге": Төл теңге 30 жылда қалай өзгерді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

15 қараша – Ұлттық валюта күні. 1993 жылы теңге айналымға еніп, 30 жылдық тарихында түрлі өзгеріске ұшырап отырды. Осы орайда Bugin.kz порталы назарларыңызға теңгенің әр жылдағы құны мен бейнесі жайлы деректерді ұсынады.

Ұлттық валюта туралы жарлық 1993 жылғы қарашаның 12-сінде қабылданып, үш күннен кейін теңге айналымға енді. Бастапқыда 1 АҚШ долларына шаққандағы бағам – 4,75 теңге болатын. 30 жыл ішінде теңге 1999, 2009, 2014 және 2020, 2022 жылдары бес ресми девальвацияны бастан өткеріп, шамамен 100 есе құнсызданды. 2023 жылғы 15 қарашадағы бағам бойынша доллардың курсы 467,9 теңгеден асты. 

"Теңге құнының 30 жылдағы өзгерісіне не себеп?" деген сұрағымызға қаржы маманы Жасұлан Кушебаев жауап берді.

"Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін теңгенің долларға шаққандағы құны өте жоғары, 4,75 болды. Артынша бірден құлдырай бастады. Себебі экономиканың шикізатқа бағытталуы, елде өндірістің болмауы теңгеге деген сенімділікті азайтып, долларға сұранысты арттыра берді. Теңгенің 30 жыл ішінде 100 есеге әлсіреуіне себептер:

1. Девальвация. Елімізде 5 рет ірі девальвация болды. Әр девальвация болған сайын доллардың құны теңгеге шаққан кезде 50 пайызға дейін өсіп отырды. Девальвация елде үлкен экономикалық мәселелер туындағанда, төлем балансы төмендеген кезде болады. 

2. Шикізат. Шикізатқа бағынышты болуымыз теңгенің жағдайын әлсірете бастады. Қазақстан 30 жылда өндіруші елге айнала алмады. Біз тек шикізат сатумен ғана айналыстық. Ал шикізаттың бағасы құбылмалы. 2014 жылы теңгенің долларға шаққандағы құны қатты құлдырады. Себебі сол жылы әлемде мұнайдың бағасы төмендеп кетті. Теңгеміздің құны мұнайдың бағасына тікелей байланысты. Сәйкесінше мұнай арзандаса, теңге де құлдырайды.  

3. Экспорт пен импорт. 30 жылда өндіруші елге айналсақ, қарапайым тұрмыстық өнімдерді, киім-кешек пен азық-түлікті өзіміз өндіріп, шетелге сатсақ, экономикамыз көтерілер еді. Біздің елімізде, керісінше, экспорт емес, импорт көп", - деді маман.  

1998 жылдан бастап, 15 қараша кәсіби мереке ретінде “Ұлттық валюта – теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі” деп жарияланды. Келесі кезекте 30 жыл ішінде төл теңгеміздің құны мен түрі қалай өзгергеніне тоқталайық.

Теңге банкноталарының тарихында негізгі 3 серия болды: портреттік серия, "Бәйтерек" сериясы және "Самұрық" сериясы. 

І. Портреттік серия

1993 жылы жаңа валюта алғаш қолданысқа енгенде қағаз ақшалар болған. Қағаз 1 теңгеде әл-Фараби, 3 теңгеде Сүйінбай, 5 теңгеде Құрманғазы, 10 теңгеде  Шоқан, 20 теңгеде Абай, 50 теңгеде Әбілхайыр хан, 100 теңгеде Абылай хан бейнеленген.

Алғашқы жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы – 4.73 тг болған. 

Фото: bugin.kz / Портреттік серия

Фото: bugin.kz / Портреттік серия

1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2, 5, 10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналымға енгізілді.

Бұл жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы – 53.45 тг.

Фото: bugin.kz / 1994 жылы шыққан банкноттар

Фото: bugin.kz / 1994 жылы шыққан банкноттар

1997 жылы 10, 20, 50 теңгелік монеталар жаңа дизайнмен шыға бастады.

Бұл жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы - 76.25 тг болған.

Фото: bugin.kz / 1997 жылы шыққан монеталар

Фото: bugin.kz / 1997 жылы шыққан монеталар

ІІ. "Бәйтерек" сериясы

2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10 000 теңгелік банкноттары қолданысқа енді. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді.

Бұл жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы 127.94 тг болды.

 

2008 жылы төл теңгеміздің 15 жылдық мерейтойына орай шыққан 5 мыңдық купюра, 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарының құрметіне арналған 2 мыңдық купюра сынды мерекелік естелік банкноттар шықты. Самғаған қыран құстың бейнесі салынған, трамплиннен секіруші бейнеленген бұл банкноттардың төлем құралы ретіндегі заңды күші жойылмайды. Яғни оны естелік ретінде сақтап қойсаңыз да, жұмсасаңыз да өз еркіңіз.

Бұл жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы – 120.38 тг.

Фото: bugin.kz / 2008 жылы шыққан мерекелік монеталар

Фото: bugin.kz / 2008 жылы шыққан мерекелік монеталар

ІІІ. "Самұрық" сериясы

2011 жылдан бастап ұлттық валютаның төртінші буыны қазақстандықтардың қолына түсе бастады. "Самұрық" сериясына 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттар кіреді.

Бұл жылы теңгенің долларға шаққандағы бағамы 147.72 тг болды.

 

ІV. "Сақ стилі" сериясы

Ұлттық Банк валютамыздың 30 жылдығына арнап "Сақ сериясы" атауымен жаңа банкноттар сериясын жарыққа шығарды. Бұл серия "Сақ стилі" элементтеріне негізделген және Қазақстанның мұрасын бейнелейді. Шығарылым теңгенің қорғау дәрежесін арттыруға және елдің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуге бағытталған.

Түсі: көк-күлгін. Мөлшері: 145х70 мм. Банкноталардың таралымы – 3 млн дана.

Айта кетейік, үш жыл қатарынан, яғни 2011, 2012 және 2013 жылдары теңге әлемде үздік деп танылды (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар). Қазақстандық ақша әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі болып саналады.