Bugin
Фото: pexels.com
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Талдықорғанда өз кабинетінде қыз зорлады деген күдікке ілінген әріптесі туралы айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Қожаев Талдықорғанда полицияға басшылық еткен әріптесімен жеке танысқан емеспін дейді. Бірақ ол адам тексерістен талай рет өткен.
"Ұят жағдай, оны мойындау керек. Бірақ әр адамның жүрегіне, қанына сіңетін қасиеттерді біз біле алмаймыз. Ондай технология жоқ әлі. Тексерістен талай рет өтті. Жаңадан келген қызметкер емес, талай жыл істеп келе жатқан адам. Бірақ осындай нәрсені істеп қойды. Жауапкершілігін тергеу анықтайды, сотқа жіберіледі, сол кезде жазасын алады",-деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.
Осы орайда журналистер қыз зорлаған басшының бұған дейін өз қызметкерлерін балағаттап, дөрекі мінез көрсеткенін еске салды. Қожаевтың сөзіне қарағанда, бұның барлығы кешегі тексеріс кезінде анықталып отыр.