Bugin
Фото: pexels.com
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болған сәбилерге қанша теңгеден берілетіні анықталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.
Мерейлі 5 сәби Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында туған. Үшеуі - ұл, екеуі - қыз. 14 қараша күні таңғы сағат 8-ден 10 минут кеткенде дүниеге келген. Туа салысымен жұлдызға айналған сәбилердің әрқайсысы 2 миллион теңге сыйлыққа ие болды. Олардың отбастарына ерекше құрмет көрсетіліп жатыр. Ана мен баланы облыс әкімдері құттықтап, сыйлық сертификатын табыстады.
Ұлытау облысы Жезқазған қаласының тұрғындары Сұңғат Сейітжан мен Әйгерім Молдашеваның тұңғышы -еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны. Жас отбасы сәбиіне Томирис есімін берді. Нәрестенің ата-анасын облыс және қала әкімдері құттықтады. Сонымен бірге жас отбасыға «Қазақмыс» корпорациясы атынан 1 миллион теңге берді.
Атыраулық Жұмағазиевтер отбасының тұңғышы да әулетке сүйіншілетіп келді. Сәбидің есімін ата-анасы азан шақырып Мухаммад деп қойды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, сәбидің туу туралы куәлігін ата-анасына табыс етті.
Шақалақтың бірі Түркістан облысы Жетісай ауданы Шәкеновтер отбасында дүниеге келген. 35 жастағы Гүлмира Ізтілеуова Асықата ауруханасында босанып, ұлына Әлімхан деп ат қойды.
Бүгін Жетісу облысының әкімі де ақжолтай жаңалыққа құтты болсын айтты. Өңір басшысы талдықорғандық кішкентай Айсұлтанның ата-анасын құттықтап, сый-сияпат көрсетті. 20 миллионыншы тұрғынның анасы Диана Әзімбаева мен әкесі Мұхтар Әзімбаевтың бұған дейін үш баласы бар. Елдің ыстық ықыласына бөленіп жатқан жанұя өз ризашылықтарын білдірді.
Ақмола облысының тұрғыны Айдар Исенов алғашқыда қызының 20 миллионыншы тұрғын екеніне сене қоймаған. Ресми хабарламадан кейін әкенің қуанышы еселеніп, сүйіншілеткенін айтады. Динара мен Айдардың отбасында дүниеге келген кішкентай Ясинаны құттықтауға барған облыс әкімі Марат Ахметжанов сәбидің есімі тарихта қалатынын айтты.
Балаларға ерекше туу туралы куәлік берілді. Ал оларға берілген 2 миллион теңгені "Отбасы банкі" бөледі. Ата-аналар жергілікті банк филиалдарына барып, жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігін көрсетуі керек.