Bugin
Фото: depositphotos.com/ru
Павлодардағы балабақшалардың бірінде кішкентай қыздың саусағын кесіп тастауға тура келген. Оқиға 11 қазан күні №3 балабақшада балалар серуендеп қайтып келе жатқанда болған. Оқиға туралы Bugin.kz тілшісі баяндайды.
Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, күтуші есікті ұстап тұрған. Бірақ қызы табалдырықтан аттап, есік жақтауынан ұстаған сәтте күтуші абайсызда есікті жіберіп қалған. Сол уақытта баланың саусағы есікке қысылып қалған. Жазатайым оқиғаның кесірінен 20 қазанда ампутация жасалып, баланың оң қолындағы кішкентай саусағының жартысын кескен. Саусақты қайта байламақ болғанымен, ол тамырға түспей, қарайып кеткен.
Анасының айтуынша, оқиғаның тағы бір нұсқасы бар: күтуші балабақша терезесіне көтеріліп бара жатқан басқа баланың кесірінен есікті босатып жіберген. Мәселеге қатысты түсінбеушілік пен қарама-қайшы пікірлер болған.
Балабақша директоры бастапқыда емделуге кеткен шығынды өтеуге келіскенімен, кейіннен бас тартқан. Қыздың ата-анасы саусақты ұзартатын немесе протез орнататын операция жасағысы келетінін айтқан. Бұл процедура үшін 15 жасқа дейін жыл сайын дәрігерге тексеріліп, Мәскеуге жиі барып тұру керек болады.
Павлодар полициясы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Оқиға орнына қалалық білім бөлімінің мамандары да барып, бейнебақылау камерасының түсірілімдерін сараптаған. Тергеу аясында балабақша директоры мен тәрбиешіге қатысты тәртіптік шара қолданылды. Балабақша әкімшілігі болған жағдайды мойындап, ата-анадан кешірім сұрап, емделуге кеткен шығынды өтеуді ұсынды.