Bugin

Павлодарлық тұрғыннан құны 2 миллиард теңге болатын ақбөкен мүйіздері тәркіленді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com.ru

Павлодар облысының тұрғынынан екі миллиард теңгенің ақбөкен мүйізі тәркіленді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, мүйіздерді облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері тәркілеген.

"Ақсу қаласының 49 жастағы тұрғыны ұсталып, оның гаражын тінту кезінде ақбөкен мүйіздері сақталған 8 қорап табылды, жалпы салмағы 170 келіге жуық. "Қызыл кітапқа" енген жануардың 800-ге жуық мүйізі табылды. Ер адамның айтуынша, ол мүйіздерді Астанада белгісіз біреуден қайта сату үшін сатып алған", - деп хабарлады ІІМ.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бірқатар сараптамалар (биологиялық және трацеологиялық сараптамалар) тағайындалды.

"Ұсталғандардың мемлекетке келтірген шығыны шамамен екі миллиард теңгені құрады", - деді Павлодар облыстық ІІД бастығы Василий Скляр.