ДЕНСАУЛЫҚ

Жігіт үйленбес бұрын не істемеу керек? Маманнан маңызды кеңес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Отбасын құру – жауапты қадам. Екі тараптан да алдын ала дайындық керек. Біздің қоғамда жыныстық қатынас туралы ашып талқыланбайды. Сол себепті жастардың, тіпті үлкендердің де жыныстық сауаты төмендеу. Осы тұста Bugin.kz тілшісі “Ер адам үйленуге қалай дайындалуы керек?” тақырыбында маманмен сұхбаттасты. Мақсатымыз – оқырмандарымызға кеңес беріп, арнайы маманның пікірін жеткізу. Спикер: Жоғары дәрежелі интегративті уролог-андролог, Preventage дәрігер, antiage эксперт Олжас Иманғалиұлы.

Отбасын құрар алдында ер адам денсаулығы тұрғысынан қалай дайындық жасағаны дұрыс? Қандай анализдер тапсырады? 

1. Отбасын құрмас бұрын ер адам денсаулығын толығымен тексертуі керек. Алдымен, андролог-уролог маманның кеңесін алғаны жөн. Себебі маман ер жігітті бастан-аяқ қарап, жыныстық дұрыс жетілуін, түрлі ауытқулардың, генетикалық, потологиялық аурулардың бар-жоғын анықтайды. 

2. Урологтың қабылдауынан кейін жігітті зертханалық-инструменталдық тексеруге жібереді. Зерттеу нәтижесі арқылы дәрігер ер жігіттің жыныстық жетілуі мен гормон деңгейін, 18-ден асқан жігіттің ұрық сапасын тексереді. Егер жыныстық қатынасқа түсіп жүрген болса, жыныстық жолмен берілетін аурулардың, инфекцияның бар-жоғын тексертуі керек. 

3. Инструменталды диагностика, ультрадыбыстық зерттеу аппараты арқылы баланың қуық жолындағы киста, қуық безінің қабынуы секілді аурулар анықталады.

Шәует (Сперма) сапасы неден бұзылады? Оны көтеру үшін қандай амалдар қолдану керек?

– Шәует анализі - ер адам үшін ең маңызды талдау. Оның сапасы бұзылуына бірнеше фактор әсер етеді:

1. Дұрыс тамақтанбау;

2. Гормондардың төмендеуі.

3. Инфекциялардың ағзада ұзақ уақыт жүруі. Жыныстық жолмен берілетін аурулардың кесірінен берілетін простатит, эпидидимит, уретрит, паротит аурулары қуық жолымен таралып, ұрық сапасын төмендетеді. 

Шәует сапасын көтеру үшін, алдымен, ұрық сапасының неден төмендегенін біліп, емделуді бастау керек. Варикоцеленің (шәует бауы венасының кеңеюі) екінші-үшінші сатысы кездесетін болса, оған бірден ота жасау керек. Себебі варикоцеле – белсіздікке алып келетін бірден бір фактор.

Жыныстық аурулар болса, оны да емдеу керек. Ешқандай потологиялық аурулар жоқ болса, профилактикалық емдеу арқылы аурудың алдын алу шараларын қолданған дұрыс. Денсаулықты сақтау үшін арнайы дәрілер мен дәрумендерді тұтынған абзал.

Жыныстық жолмен инфекция жұққан кезде үй жағдайында емделуге бола ма? 

– Жоқ. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды үй жағдайында емдеу қиын. Себебі әртүрлі асқынулар болады: ұрық каналдары бітеліп, ұрық сапасы нөлге дейін төмендеп кетуі мүмкін.

Инфекциялық аурулар симптомды және симптомсыз деп бөлінеді. Симптомды кезде науқас ауруды сезіп, сұйықтықтар бөлінуі мүмкін. Мұны арнайы емханада емдеген жөн. Егер инфекцияда ешқандай симптом білінбейтін болса, дәрігерге тексеріліп, диагнозын анықтап, үй жағдайында емделуге болады. 

Қазір ем ұсынатын орталықтар саны артқан. Бал, пантокрин, свеча арқылы простатитті емдеуге бола ма? Осы секілді өнімдерге көзқарасыңыз қандай?

– Бүгінде урология саласы маркетинг болып кетті. Дәрігердің тексеруінсіз дәрі ішіп, ауруын асқындырып келетіндер көп. Кез келген мәселеде әр саланың маманына барып кеңес алған дұрыс деп ойлаймын.  

Простатиттің кіші дәрет кезінде мазалауынан басқа қандай белгілері бар? Простата безі тек суықтан қабына ма?

 – Простатиттің негізгі 4 симптомы болады. 

1. Қуық пен бұттың арасында ауырсыну сезімі туындайды.

2. Дизурия. Күндізгі және түнгі зәр жиі шығады, дәрет толық шықпайды немесе дәрет үзіп-үзіп шығады. 

3. Төсекте әлсіздік байқалады. Себебі тамырлар қысылғаннан қан айналымы төмендейді. Ал бұл жыныс мүшесінің әлсіреуіне, шәуеттің сапасына әсер етеді. Осыған байланысты көп отбасында бала болмай жатыр. 

4. Инфекция, микроб, бактерия қуық жолдарына түсетін болса, қуықасты безі қабынып, ауру өршиді. Яғни, простатит тек суықтан болмайды. Суық –  бір ғана фактор. 

Простатитті үшке бөлеміз: Бактериалды, бактериалды-бактериясыз, конгнисевті қанның қоюлануы (застой).

Порнофильмдер көріп, мастурбациямен айналысу бедеулікке әкелуі мүмкін бе?

– Мүмкін. Мастурбацияға тәуелді ерлердің арасында әйелмен қосылғаннан ләззат алмайтын, тіпті әйел адаммен қосылғысы келмейтіндер де кездеседі. Осы себептен бедеулікке ұшырап, бала сүйе алмай жүрген пациенттерім де бар. Әйелімен жыныстық қатынасқа түссе шәует бөлінбей, өзі мастурбация жасаса ғана бөлінетін жағдайлар да кездеседі. Осының бәрі ер баланы белсіздікке, бедеулікке әкелуі мүмкін. 

Мүшені сақтау және дені сау ұрпақ сүю үшін маман ретінде жігіттерге қандай кеңес айтасыз?

– Біріншісі, дұрыс тамақтану. Артық салмақтан зардап шегіп жүргендер көп. Ал, инсулин гормонының көп бөлінуі еркектің жыныстық қабілетін төмендетуі мүмкін. 

Екіншісі, қалыпты ұйқы. Ұйқы гормоны, яғни мелатонин дұрыс бөлінбесе, ер адамдардаң ең негізгі тестостерон гормоны төмендеп кетуі мүмкін. Ұйқы кезінде адам ағзасы демалады. Егер ұйқы дұрыс болмаса, кортизол гормоны жоғарылап, жыныстық қатынас жасауға құлшыныс азаюы мүмкін. 

Үшіншісі, қозғалыс. Біз үнемі қозғалыста болып, энергия көтеріп отыруымыз керек. Энергия – денсаулық, табыс. Оны сақтау үшін дұрыс тамақтанып, ұйқы режимін қалыптастыру керек. Таза ауада уақыт өткізіп, спортпен тұрақты айналысқан дұрыс. 

Уролог ескертеді:

Ер баланың денсаулығына бала кезінен көңіл бөлген жөн. Себебі кішкентай кезде кеткен қателікті ер жеткенде емдеу қиын болады. Тіпті, өмір бойы бала сүйе алмай қалу қаупі бар. 

Бала жоспарлағанда ер де, әйел де қатар тексеріліп, емделгені дұрыс. "Дені саудың – жаны сау" демекші, сау ұрпақты сау ата-ана дүниеге әкеледі.