БІЛІМ

“Университет өртегені” үшін 35 жасында ату жазасына кесілген қазақ қызы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

1937-1938 жылғы Кеңес үкіметін шарпыған саяси репрессия кезінде ең ауыр үкім - ату жазасына кесілген санаулы қазақ қыздарының бірі Шонанова Шахзада Аронқызы болатын. Bugin.kz тілшісі 35 жаста атылған ару туралы деректерді ұсынады.

Шахзада Шонанова 1903 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында дүниеге келген. Жастай оқыған, зерек, алғыр болған. 1920 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Бірақ шыққан тегі, әкесі үстем тап өкілі болғандықтан, қудаланып, оқудан шығарылады. Оның әкесі Арон Қаратаев - әйгілі Әбілхайыр хан ұрпағы, төре тұқымынан болатын, белгілі қоғам қайраткері, Дума депутаты болған заңгер Бақытжан Қаратаевтың інісі еді. Анасы Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы қазақ қыздарынан шыққан алғашқы мұғалім болды. 

Кедергілерге мойымаған алғыр қазақ қызы 1922-1926 жылдары Орал губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші, аз уақыт Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарды. 1926 жылдарда Қызылордада Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесі білімінің нұсқаушысы болды.

Шахзада Шонанова 1931 жылы Алматыда медицина университетіне оқуға түседі. Бірақ мұнда да "әлеуметтік тегі" бойынша бақылауға алынады. 1932 жылы бөртпе сүзек жайлаған Прибай-калстройдың Спасск деген жеріне жіберіледі. Жақсы жұмыс істегеніне қарамастан оқудан шығарылады. 

Қазақтың қайсар қызы жолдасы Телжан Шонанов түрмеге отырғаннан кейін өзі де қамауға алынады. Оған "Қазақ Мемлекеттік университінің ғимаратын өртеуге қатысты" деген айып тағылады. Профессор Әбу Тәкеновтің дерегінше, өрт 1936 жылы 20 қазанда анатомия кабинетінде шығып, тез сөндіріледі. Екі жылдан соң "өртті ұйымдастырған Шонанова және оның сыбайластары" деп жала жабылады. 

Шахзада Шонанова 1938 жылы 17 қаңтарда "қылмысын мойындап", былай деп жазып береді:

"1936 жылы күзде ҚазМУ-ды өз қолыммен өртедім, соның нәтижесінде университет үйінің негізгі бөлігі жанып кетті".
 

Архив құжаттарында осыған қатысты мына дерек те сақталған.

"ҚазМУ-да оқыған кезде мен студент жастар арасында күнбе-күн антикеңестік ұлтшылдық насихат жүргіздім. Контрреволюцияшыл идеяны кеңінен тараттым". 

1938 жылы 9 наурызда Телжан қазасынан кейін 10 күннен соң, 35 жастағы Шахзада Шонановаға жала жабылып, түрмеде атылды. 

Бүгінде Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың жаратылыстану және математика факультеті ғимаратының қабырғасында Шахзада Шонановаға ескерткіш тақта орнатылған. 

Материал "Қазақ" газетінің 2000 жылғы (150) санынан алынды