Bugin

Атырауда мас ер адам өз үйін жармақ болған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Атырауда мас ер адам өз үйін жармақ болған. Тексеру кезінде сот қаулысымен оған 1 жыл мерзімге ерекше талап орнату белгіленгені анықталды, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы  Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 15 қарашада түнгі сағат 22:09-да шақырту түскен.

"Атырау қаласының тұрғыны №1 қалалық полиция бөліміне Азаттық даңғылындағы тұрғын үй пәтерінің бірінде отбасылық жанжал жөнінде хабар берген. Тексеру барысында 1979 жылғы ер адам полиция қызметкерлеріне қарсылық білдірген. Сол кезде ол мас күйде болған. Пәтерінің есігін ішінен құлыптап, газ жіберіп, үйді жарып жіберетінін айтқан. Оның 48 жастағы әйелі мен баласы үйден шығып кеткен. Оқиға орнына «АтырауГазАймақ» АҚ-ның, төтенше жағдайлар департаментінің және жедел-жәрдем бригадасының қызметкерлері шақырылды. Мас ер адам полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, пәтердің терезесінен шатырға қашып шыққан. Ол сол жерден ұсталды", -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер), 438-бабы (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру), 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) және 669-бабымен (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жжинақталған іс құжаттары сотқа жолданды.

Белгілі болғандай, 1979 жылғы азаматқа қатысты биылғы 5 қарашада сот қаулысымен 1 жыл мерзімге ерекше талап белгілеу тағайындалған.