Bugin
Фото: pexels.com
Түркістан облысында қыркүйекте есірткі контрабандасымен айналысты деген айыппен 7 жылға сотталған Ұлыбритания азаматы Зак Повнер-Джонсон ақталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өткен қарашада Зак Повнер-Джонсон Өзбекстаннан Қазақстанға визасын ұзарту үшін келген. "Жібек жолы" бақылау-өткізу бекетінде тексеру кезінде оның әмиянынан кокаин табылған. Британдық азаматтың адвокаты қамауға алу және тергеу шаралары кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері оның конституциялық құқықтарын бұзғанын айтты.
"Бұл мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде оның серігінің қасында болған әмиян. Ол мұны апелляциялық сотта толық растады. Шекарашылар одан әмиянды тәркілеп алып, заң бойынша бұл дұрыс болмаса да, оны тінтіген. Оның үстіне бұл ешқандай құжатталмаған. Дегенмен, қазіргі уақытта ол сараптамадан өтіп, таза екені анықталды", - деді Зак Карл Повнер-Джонсонның адвокаты Маржан Ағыбаева.
Ақталғаннан кейін Зак Карл Повнер-Джонсон бір жылға жуық көрмеген әкесімен қауышты. Шетелдіктің айтуынша, ол түрмеде көп оқып, шыққаннан кейінгі өмірі туралы ойлады. Әділ шешім шығарған сотқа алғысын білдірді.
"Мен барлығына осы 11 ай бойы бастан өткерген әділдік үшін емес, шынайы сынақ үшін алғыс айтқым келеді. Апелляциялық сот тамаша жұмыс жасады: олар бейнежазбаны толығымен қарап шықты, барлық куәгерлерді тыңдады және бар шындық ашылды. Айтпақшы, тергеу изоляторында жағдай жаман болған жоқ. Әрине, бір бөлмеде 24 сағат тұру жақсы емес, бірақ адамдар мейірімді, маған көмектесті. Мен онда кітап оқыдым, намаз оқыдым, шахмат ойнадым. Менің соңғы сотыма ешқандай шағымым жоқ", – дейді британдық азамат.
Сот алқасы өз кезегінде шекара қызметі мамандарының әрекетін тексеру үшін жеке қаулы шығарды. Жеке қаулыға сәйкес, Бас прокуратура қызметтік тексеру жүргізіп, бір ай ішінде сотқа қабылданған шаралар туралы хабарлауы тиіс.