Bugin

Еңбек министрлігі қазақстандықтардың жалақысы екі есе өсетінін хабарлады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото:depositphotos.com

2024 жылы қай санаттағы жұмысшылардың жалақысын қаншаға арттыру жоспарлануда? Бұл сұраққа жауапты Bugin.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына министрлік берген жауапқа сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми сауалға берілген жауапта айтылғандай, еңбек заңнамасына сәйкес, министрлік мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеуді реттейді. Олардың еңбегіне ақы төлеу жүйесі мемлекеттік органдар мен қазыналық кәсіпорындардың барлық қызметкерлеріне бірдей.

"Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тапсырмасын орындау мақсатында еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыру мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының (мұғалімдерді, медициналық және әлеуметтік қызметкерлерді қоспағанда) лауазымдық жалақысына түзету коэффициентін қолдану арқылы төленеді", - деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Министрлік мәліметінше, 2022 жылы бұл коэффициенттің мөлшері 1,23, 2023 жылы 1,45 болған.

"2024 жылы ол 1,71, 2025 жылы 2,0 дейін көтеріледі. Осылайша, осы төрт жыл ішінде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы екі есеге өседі", - деп атап өтті Еңбек министрлігі.

Сондай-ақ министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны  70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отырғанын еске салды.